Бірақ, осы үрдісті жылма-жыл қайталаудан жалықпайтындар бар. Сырым ауданы өзінің өңірінде жаңағы «ережені» бұзып, кейінгі уақытта Наурыз тойын тойлауды жаңа деңгейге, жаңаша түрге ауыстырды. Себебі бұл аудан Наурыз тойын біреудің тапсырмасы деп емес, ең әуелі қазақтың ұлттық мейрамы деп түсінеді. Жымпитының өзі қазір көше-көше болып той бастап, үй тігіп, қазан көтеріп, жігіт сайыстырып, ат жарыстырып жатыр.

Бүгін соңғы жылдары Сырым ауданында дәстүрлі сипатқа ие болған игі шараның бірі – аудан әкімінің балаларға арналған Наурыз тойы өтті. Ауданның балаларын Ұлыстың ұлы мейрамы Наурыз мерекесімен Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев құттықтады. 

Қазақ халқы Наурыз тойын амандықтың, бірліктің тойы деп санаған. Біздің ел Наурыз бен жақсылықты егіз деп түсінеді. Жаңа наурыз, жаңа жыл тек жақсылығын алып келсін! Балаларға жарқын болашақ тілеймін! – деді аудан әкімі. 
Аудан басшысының балалар үшін той жасауының астарында төл мейрамға деген құрмет, ұлттық тәрбиені ұрпақтардың бойына сіңіру деген асқақ мақсат жатыр. Әкімнің Наурыз тойы - қазақтың тәрбиесі шыршаны айналып жүруден емес, киіз үйдің ішіндегі дастарханды айналып отырудан басталатын айтқысы келетін шара. 
Сырым аудандық білім беру бөлімінің басшысы Зәмзәгүл Ерғазиеваның айтуынша, аудан әкімінің Наурыз тойына ауданның 100 оқушысы қатысқан. Олардың ішінде оқуда озат, өнерлі, әлеуметтік жағдайы әлжуаз жанұядан шыққан балалар және ерекше жағдайда білім алатын оқушылар бар. Балалардың барлығына ұлттық дәмнен дархан дастархан жайылып, тәтті толы қоржын мен спорттық киім сыйға берілді. 

Сырым ауданы әкімінің балаларға арналған Наурыз тойының ұлттық нақышын аудандық балалар шығармашылығы орталығының «Наурыз думан» атты үлкен мерекелік бағдарламасы келтірді. Балалар Қызыр баба, Алдар көсе сияқты қазақ ертегілерінің кейіпкерлерін көрді, ұлттық ойындарға қатысты. Бағдарлама барысында «Ақниет» әжелер ансамблі, аудандық балалар саз мектебінің оқушылары өнер көрсетті.