22 наурыз Ұлыстың ұлы күніне арналған көше тұрғындарының ұйымдастыруымен өтіп жатқан шаралар бүгін Қарасу мөлтекауданы тұрғындарының Наурыз тойына арналған салтанатты шарасымен жалғасын тапты.

Алдымен Қарасу тұрғындарын төл мерекемен аудан әкімі Т.Төреғалиев құттықтап, игі шара ұйымдастырушыларына алғыс білдірді. Ақ шаңқан киіз үй тігіліп, қариялар батсын беріп, арнайы шақырылған қонақтар ұлттық тағамдардан дәм татты. Айта кетерлік тағы бір қуантарлық жағдай - ат баптау, тай жарыстыру сынды төл өнерлерімізді насихаттау аса белсенділікпен ұйымдастырылуда. Бұл сөзімізге Қарасу тұрғындарының ұйымдастыруымен өткен тай жарысы, асау үйретуден өткен жарыстар дәлел. Ұйымдастырылған сайыстар нәтижесі бойынша: тай жарысынан жүлделі 1 орынды Е.Жубатов - тұлпары "Нұрқасқа", жүлделі 2 орынды Н.Измуханов - тұлпары "Сұңқар", жүлделі 3 орынды Е.Самигуллин - тұлпары "Жұлдыз", аударыспақ бойынша жүлделі 1 орынды Н.Кенжебаев, 2 орынды Д.Ибрагимов, 3 орынды А.Кенжебаев, арқан тартыс бойынша жүлделі 1 орынды Өлеңті ауылының командасы, 2 орынды Жымпиты ауылының командасы,3 орынды Бейбітшілік көшесінің командасы иеленді, ал қой көтеру бойынша Қайыржанов Төлебиге тең келер қарсылас болмады. Бүгінгі шараға "Мади", "Сапар","Қамыстыкөл" шаруа қожалықтары демеушілік көрсетті. Наурыз мерекесін биылғы жылы ерекше тойлаған Қарасулықтар бұл игі бастамаға дән риза.