22 Наурыз - күн мен түн теңелетін күллі мұсылман халқының ұлық мерекесі.

Ұлыстың ұлы күні - өкпе-реніштер ескі жылда қалып, сыйластық салтанат құратын күн. Ақ шаңқан киіз үйлер, ұлттық нақышта киінген ақ жаулықты аналар мен қариялар, күннің суықтығына қарамастан көтеріңкі көңіл күйде жүрген, бір-бірімен құшақтаса көріскен ауыл тұрғындары... Мұның бәрі бүгінгі Наурыз тойының көріністері. Шара барысында алдымен, тұрғындарды аудан басшысы Т.Төреғалиев құттықтады. Наурыз тойы биылғы жылы ауданымызда бұрынғыға қарағанда өзгерек ұйымдастырылып жатқанын атап өтуіміз керек. Наурыз басталасымен-ақ, мекемелер арасында мекемелерді безендіру немесе Наурыз бұрышын жабдықтау бағытында сайыс ұйымдастырылған болатын. Қорытындысына көз жүгіртсек, белсенділіктері үшін аудандық М.Еслямғалиев атындағы орталықтандырылған және балалар кітапханасы ұжымы, жүлделі 3 орынды Ж.Досмұхамедов атындағы мектеп және "НұрОтан" партиясының аудандық филиалы, жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы және жеке кәсіпкер А.Валиева, жүлделі 2 орынды Қ.Мырзалиев орта мектебі ұжымы, жүлделі 1 орынды аудандық педагогикалық психологиялық түзеу кабинеті ұжымы иемденді. Тағы бір ерекше атап өтерлік жағдай, киіз үйлер тігіліп, әрбір киіз үйде айтыс өнері, тұсау кесу, жарапазан айту сынды ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлеріміз көрсетілді. Мерекеге орай жеке кәсіпкерлер Қ.Жаужиев, Т.Мурадимова А.Жаужиева,Г.Нугманова, Г.Тажаякова, А.Ихсанова аз қамтылған отбасыларға тегін азық-түлік алуға сертификаттарын, Б.Тахамбетов екі отбасыға Орал-Жымпиты бағытына тегін қатынау сертификаттарын табыстады. Сонымен қатар шара барысында қой көтеру, гір тасын көтеру, арқан тартыс және қол күресінен сайыс ұйымдастырылып, жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен марапатталды.