Бүгін аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақстандықтарға арналған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуін халыққа түсіндіру және оны жүзеге асыруға арналған актив жиналысы өтті.

Актив жиналысына аудандық мәслихаттың депутаттары, мекеме басшылары, ауылдық округтің ардагерлер кеңесі мен қоғамдық келісім кеңесінің төрағалары, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, білім саласының қызметкерлері қатысты. 

Жиналысқа Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев төрағалық етті. Жиналысты кіріспе сөз сөйлеп ашқан аудан әкімі Төлеген Серікқалиұлы Елбасы Н.Назарбаевтың «Президенттік бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуінің маңыздылығы, айқын бағдарламалары туралы кеңінен тоқталды. 

Активте мінбеге көтеріліп, сөз сөйлегендер аудандық сәулет және құрылыс бөлімінің басшысы Ө.Бектенов, Сырым ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы А.Гумаров, аудандық білім беру бөлімінің басшысы З.Ерғазиева, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы А.Бисенғалиев халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жүзеге асып жатқан жұмыстардың жағдайы, жалақысы төмен азаматтардың мүддесін қорғау, студенттерді жатақханамен қамту, тұрғындардың арасында жұмыссыздықты азайту мақсатында несиемен қамтамасыз ету жөнінде кеңінен тоқталды.
Активті аудан әкімі Т.Төреғалиев қорытындылап, сөз сөйледі. Жиналыста күн тәртібінде қаралған мәселеге орай тиісті қарар қабылданды.