Бүгін Сырым ауданында ҚР еркін күрес құрамасының мүшесі, Әлем және Азия чемпионатының күміс жүлдегері, ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері, Нұрлан Бекжановтың жүлдесі үшін 2004 – 2008 жылы туылған ұлдар мен қыздар арасында облыстық ашық турнир басталды. Айта кетейік, еркін күрес турнирі ауданда алғаш рет өтіп отыр.

Турнирдің салтанатты ашылу шарасына БҚО Денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева, самбо күресінен Әлемнің 6 дүркін чемпионы Ерболат Байбатыров, Оңтүстік Кореяның Пхенчхян қаласында өткен ХХІІІ Қысқы Олимпиада ойындарына қатысушы, шорт – трекші Абзал Әжіғалиев, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Асқар Сәукелин сияқты арнайы шақырулы меймандар және турнирдің басты қонағы Нұрлан Бекжанов пен анасы Жәмиға Бекжанова қатысты. Алғашқы құттықтау сөзді Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев сөз сөйледі. 
Нұрлан Бекжанов – Бұлдырты еркін күрес мектебінің түлегін, еркін күрестен Әлем чемпионатының финалисті атанған тұңғыш қазақ баласы. Турнирді ұйымдастырушылардың айтуынша, Нұрлан Бекжановтың атын таныту мен насихаттау арқылы жас спортшыларға ауылдағы күрес үйірмесінен шығып та, әлемнің чемпионы атанудың мүмкін екенін дәлелдеуге болады. Бүгін сырымдықтар палуанына қазақы құрмет көрсетіп, иығына шапан жауып, астына ат мінгізді.

Турнирге облыс аудандарының командаларынан тыс, көршілес Ақтөбе және Атырау облысының жас палуандары қатысуда. Бүгін жарыстың бірінші күні аяқталды. Финалдық белдесулер ертең аудандық денешынықтыру – сауықтыру кешенінде өтеді.