Наурыз – көктем мен еңбектің, достық пен бірліктің мейрамы болумен бірге, халқымыздың салт-дәстүрлерін құрметтеп, ұлттық қасиеттерімізді бойына сіңіріп, жан-жақты дамыған өнегелі, өнерлі ұрпақ тәрбелейтін ұлттық мейрамымыз. 

Биылғы жылы наурыз мейрамы аудан көлемінде ерекше аталып өтті. Сырым ауданы әкімі Т.С.Төреғалиевтың бастамасымен жас өрендерге наурыз тойы өткізілді. Барлығымызға белгілі жыл сайын ауданымызда әкім шыршасы ұйымдастырылады, бірақ осы мерекені наурыз тойына ауыстырудың астарында үлкен мән жатыр. Себебі наурыз – жаңару мен жасарудың басы. Наурыз – қазақтың шын мағынасындағы ұлттық мейрамы, төл жаңа жылы, дүниеге көрік берген шырайлы жыл басы. Наурыз – береке-бірліктің, теңдіктің, жақсы тілеудің, қайта түлеудің тойы. Наурыз – табиғат атаулының тiрiлiп, өмiрге жаңа құлшыныспен қадам басатын шағы. Елдiң бiрлiгiн сақтап, туған-туысқанның басын қосып бауырластыққа, татулыққа шақыратын ерекше мейрам. Осы мейрам арқылы жас ұрпақтың бойына ұлттық тәрбиені, қазақы дәстүр мен өнерді сіңіре отырып, қыстың қытымыр күнінен кейін ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлаған ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. 

Биылғы наурыз тойы аудан халқының ерекше қуанышпен қарсы алған жағымды жаңалықтарының бірі, рухани болмысымыздың жаңаруының жарқын үлгісі болды. Алдағы жылдары да дәстүрлі мейрам халқымызбен бірге жасасып, біте қайнаса бермек.
«Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы» МКҚК

«Элита» пікірсайыс үйірмесінің оқушысы Меңдіғали Айбек