2025 жылға қарай қазақ жазуын латын графикасына көшіру қажеттілігі мәселесі – бүгінгі күні еліміздің рухани өміріндегі маңызды мәселелердің бірі болып тұр. Осы арқылы қазақ жазуының соңғы бір ғасыр ішіндегі үшінші ірі реформасы жүзеге аспақшы. Бұл ауқымды реформа Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және ең бастысы, ұлттық бірегейлікті сақтауына мүмкіндік береді. Осы жұмыста әрбір қазақстандықтың үлесі болуы керек. Бүгінгі форумда сол міндеттерді бірге айқындамақпыз! – деді аудан әкімі өзінің кіріспе сөзінде. 
Жаңа әліпбиге көшуге байланысты қазақстандық қоғамда қызу пікір туды. Қазір, қоғам әліпбидің ауысқан жағдайдағы зардабы жайлы қорқыныш кезеңінен өтті. Ендігі жерде қоғам рухани реформаға іштей дайындық үстінде. Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасының әлеуметтік желілерде жүргізген сауалнамасы желі қолданушыларының 67 пайызы жаңа әліпбиге ауысуды қажеттілік деп санайтынын көрсеткен. Осы басқармадағы ономастикалық жұмыстар және көрнекі ақпараттарды бақылау бөлімінің басшысы Гүлнәр Әлжанованың айтуынша, латын әліпбиі елдегі ономастика саласындағы жарнама мәселесін біріздендіреді деген пікірде. Осы және өзге де мәселелер туралы бөлім басшысы өзінің баяндамасында тереңірек айтты. 
- Мәселе латын әліпбиіне ауысуға келгенде негізгі себеп әлемдік өркениетке ілесу деп өзімізді алдамауымыз керек. Ол мақсат та бар шығар. Негізгі мақсат – ана тіліміздің төл иммунитетін, шұрайын, дәмін сақтап қалу. Мемлекеттік тілді қазақстандықтардың 80 пайызы біледі деген деректі айтып жүрміз. Мәселе, қай деңгейде біледі? Қазақ тілі – жаралы тіл. Ана тілімізді осы жағдайдан құтқарудың бір жолы – әліпби жаңарту. Бұл біздің Азат ел ретінде жасайтын ұлы қадамымыз. Жалтақтауды қойып, тәуекелге бару керек. Біздің міндет - шешімді қабылдау, түпкі мақсатқа болашақ жетеді. – деді жаңа жазудың ортақ стандарт үлгісін қалыптастыру, әліпби алмастыруды жазу реформасына айналдыру туралы баяндамасын түйіндеген ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының БҚО филиалы бойынша директорының орынбасары Болат Жексенғалиев. 
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша спикерлер сөйлеп болғаннан кейін, ауданның ардагер ұстазы Сәния Отарова, Ж. Досмұхамедов атындағы орта мектеп балабақша – кешенінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Алмажай Сүлейменова жаңа әліпбидің маңыздылығы, тиімді тұстары мен жүзеге асыру туралы ойларын айтты. 

Форум жұмысы диалог бағытында өтті.