Алдыңғы жолы хабарлап өткеніміздей, діни ақпараттық түсіндіру тобы ауылдық округтерді аралап, түсінік жұмыстарын жүргізіп келеді. Осы жолы аталған топ, құрамында аудандық мешіттің бас имамы Н.Беков, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының теолог маманы, "Сырым"деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы ҚБ төрағасы Е.Жумагужиев Алғабас ауылдық округінде болды. Кездесу барысында дін мамандары тұрғындарға мәзһабты ұстану, деструктивтік діни ағымдардан сақтану жолдары туралы түсінік берді. Сонымен қатар қасиетті Рамазан айы жайында, ораза ұстау әдебі, оразаны бұзатын жағдайлар жайы да айтылды. Тұрғындар тарапынан орамалдың үкімі, арақтың зияны туралы сұрақтар қойылып, тұшымды жауаптар қайтарылды. Және тұрғындар Алғабас ауылдық округіне жаңа мешіт ғимараты тұрғызылса деген ұсыныстарын жеткізді.