Тоқсан екі жылдық тарихы бар М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры Сырым аудандық мәдениет үйінің сахнасында Мәдина Омарованың туындысын «Ақтастағы Ахико» атты деректі драманы театрдың директоры Асхат Маемировтің режиссерлігімен сахналады. Деректі драма он бес жасында Сахалиндегі әскери оқуға түсіп, курсант атанған, жазаланған жапон баласы Ахико Тэцуроның азапты ғұмырын баяндайды. Ахико курсант болған жылы жапон отбасы тұрып жатқан аймақ Кеңес Одағының құрамына еніп, барлық тұрғындар теңіз асырылып жіберіледі. Әке-шешесінен көз жазып қалған балықшының баласы Ахико жапон тыңшысы деп айыпталып, Қарағанды еңбекпен түзету лагеріне қамалады. Ахико Қарлагта Алаш арыстарымен бірге азапталып, қиындық көреді. Драма Ахиконың өмірі арқылы жазықсыз жазаланса да, рухы мықты, адамдық бейнесін жоғалтпаған алаш арыстарының тағдырын ашады. Қойылымда қазақ ақындарының жиынтық образы Ахмет Байтұрсынов, қазақ келешегі үшін еуропалық үлгідегі қазақ-орыс мектебін ашқан Ақайдың Қасені, Мағжан Жұмабаев, Сәкеннің әкесі Сейфолла, Сәкеннің досы Жанайдардың әкесі Сәдуақастың бейнесі де ашылады. Қазақтың зиялыларының еш жазықсыз тұтқындалып, абақтыда көрген қасіреті жан түршіктіреді. Драмада абақтының азабын тек ұрып-соғумен ғана емес, адамның қанымен сурет салатын Степан атты қанішер суретші арқылы да көрінеді. «Ақтастағы Ахико» қойылымы алаш ақтаңдақтарының бүгінгі тәуелсіз ел ұрпағы үшін жан бергендігін баяндайды. Қазақ зиялыларының бәрі атылып, Қарлагтан тек Ахико ғана рақымшылыққа ілігіп, небәрі жиырма төрт келі салмақпен, жадап-жүдеп шығады. Оны Ахмет Байтұрсынұлының анасы Гүлбаршын мен орыс қызы Катя тауып алып, күтімге алады. Ахметтің «аман шығып жатсаң, анама бер» деп аманаттаған өлеңдері Гүлбаршынның қолына Ахико арқылы тиеді. Қазақ анасының мейірімі, кең жүректілігі жастайынан анасынан ажырап қалған Ахикоға қорған болып, ана орнын басады. Өмірі өксікке толып, баласы Ахметті күтумен өткен Гүлбаршын да тәртіпті, ақылды жапон баласын бауырына басады. Гүлбаршынға қызындай боп кеткен орыс қызы Катя мен Ахико көңіл жарастырады. Жапониядан Ахиконың қарт әкесінен хат келіп, баласының елге оралуын қалайды. Ахико әкесі мен бауырларына деген сағынышпен Жапонияға құстай ұшады. Алайда «Ақтасыма жетер жер жоқ, мен қазақ еліне борыштармын» деп Қазақстанға қайтып келеді. Бүгінде Ахико Тэцуро Қарағанды облысының Ақтас кентінде тұрады, 88 жаста. 11 немере 5 шөбересі бар. 1930 жылы дүниеге келген. 1954 жылы түрмеден шыққан. Ол – саяси қуғын-сүргіннің жалғыз көзі тірі куәсі. Ахико абақтыға жабылғанда, қазақ зиялылары атылып кеткен болса да, бір лагерьде азапталған қазақтар мен жапонның тағдыры бірдей болған соң, қойылымда қос дәуірдің кейіпкерлерін біріктіріп, автор мен режиссер әсерлі драма шығарған. Деректі драманың авторы Мәдина Омарова бұл шығарманы жазар алдында Ақтасқа арнайы барып, Ахико Тэцуромен әңгімелескенде, қария басынан өткенді егіліп жылап отырып айтып беріпті. Ал, қойылымды сахналаған театр ұжымы шынайы бейнені ашу үшін Қарағанды еңбекпен түзету лагеріне барып, алаш арыстары көрген азаптың қандай болғанына көз жеткізіпті. Драмада Ахиконы Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Дулыға Ақмолда, Ахмет Байтұрсыновтың анасы Гүлбаршынды Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Данагүл Темірсұлтанова, Ақайдың Қасенін Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері, Б.Момышұлы атындағы «Намыс» орденінің иегері Бекжан Тұрыс, Ахиконың әкесін Аян Өтепберген, Катяны Жәнел Мақажан, Сейфолланы Қазақстанның Еңбек сіңірген өнер қайраткері Болат Әбділманов тамаша сомдап шықты. Қойылымның шынайылығы, актерлердің бейнені ашып бере алуы көрермен көңілін толқытып, ащы тарих шындығы залға лық тола жиылғандардың көзіне жас үйірді, жүректерін тебірентті. Қойылым аяқталған соң, сахнаға аудан әкімі Төлеген Төреғалиев пен М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Асхат Маемиров көтерілді. Төлеген Серікқалиұлы театр ұжымына керемет рухани азық сыйлағандары үшін сырымдықтар атынан алғыс білдіріп, алғыс хат пен естелік сыйлық, ықылас гүлін табыстады. Асхат Максимұлы М.Әуезов театры араға отыз жеті жыл салып, Сырым ауданына келіп отырғанын, театрдың гастрольдік сапарын Батыс Алашорда астанасы болған Сырым ауданынан бастауы жайдан-жай еместігін, перзенттік парызының бір өтеуі екенін атап өтті. Абай орта мектебінде оқығанда сынып жетекшісі болған, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген, әдебиет пен мәдениетке ғашық қылған ұстазы Света Ғұсманованы сахнаға шақырып, иығына қамзол жапты. Бір кездері аудандық газеттің тілшісі болған А.Маемиров «Сырым елі» газетінің редакторы М.Қажиахметов, аудандық аурухананы ұзақ жыл басқарған аудандық мәслихат депутаты А.Дүйсенғалиев, Жымпиты халық театрының режиссері А.Лұқпанова, «Ақ ниет» әжелер ансамблін залдан көргеніне разылығын жеткізді. \ Бұдан әрі М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының гастрольдік сапары 8-13 мамыр күндері Орал қаласында жалғасады.