Бүгін қайсар мінезді ата-бабамыздың жауынгерлік дәстүрінің заңды жалғасын тауып, еліміздің қорғаныс қабілетінің кемелденгенін білдіретін мерейлі мереке 7 мамыр Отан қорғаушылар күніне орай "Ерлік - ұрпаққа мұра"атты салтанатты шара оздырылды. Алдымен аудан басшысы Т.Төреғалиев, аудандық қорғаныс істері бөлім басшысы, капитан А.Дүйсембиев, ауған соғысының ардагері М.Айдарханов сөз сөйлеп, барша тұрғындарды атаулы мерекемен құттықтады. Арнаулы қонақтар, ауыл тұрғындары, ардагерлер, аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері Ауған соғысы ардагерлеріне арналган ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Аталған шараның екінші бөлімі аудандық мәдениет үйінде жалғасын тапты.Алдымен жиналған көпшілік Жамбыл облысы Қордай ауданындағы «Отар» 40-шы әскери базасының аумағында ұйымдастырылған жауынгерлік парадты тамашалады.
Сонымен қатар, айта кетейік, биыл "Жергілікті әскери басқару органдарына"100 жыл толса, оның ішінде Сырым ауданының әскери комиссариаттарының құрылғанына 80 жыл толып отыр. Осыған орай аудан әкімі Төлеген Серікқалиұлы "Қарулы Күштерінің ардагерлері" Республикалық қоғамдық бірлестігінің Батыс Қазақстан облыстық филиалының "Жергілікті әскери басқару органдарына 100 жыл" мерейтойлық медалімен бірқатар азаматтарды марапаттап, ҚР Қарулы күштерінің қатарына алынушы жас жеткіншектерге жолсөмкелер табыстады.Ауданымыздың әскери басқару органының ардагері Ж.Сатаев өз сөзінде бұл күнде буыны бекіп,қанаты қатайған қазақ сарбазының мерейі үстем, мәртебесі жоғары екендігін айтып,абыройлы міндеттерін атқаруға аттанғалы тұрған азаматтарға сәттілік тіледі. Біздің Тәуелсіздігіміз бен тұтастығымызды, тыныштығымыз бен бейбіт тірлігімізді қас қақпай күзетіп тұрған, халқымызға қорған болған ұлттық әскеріміздің мерейлі мерекесіне арналған салтанатты шара аудан көркемөнерпаздарының мерекелік концертімен жалғасты.