Сырым ауданының орталығы Жымпитыда Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 73 жылдығы ерекше екпінпен аталды. Жымпитыдағы Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жерлес жауынгерлердің құрметіне қойылған ескерткіштің басында болған салтанатты жиында Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев сөз сөйледі. - Ауданның барша тұрғынын өшпес ерлік пен қаһармандықтың мерекесі – Ұлы Жеңіс күнімен құттықтаймын. Жеңіс күні туған жерді, Отанды шынайы қастерлеуді паш еткен ең ұлық күн ретінде тарихта қалды. Халқымыздың беріктігі мен қайсар рухы өзін – өзі талайлы сыннан дәлелдеген еді, жеңіс сол даңқымызды тағы жаңғыртты. Бүгінгі Тәуелсіздік – Ұлы жеңістің жарқын жалғасы! Тәуелсіздігіміз баянды болсын! – деді аудан басшысы. Әкімнің сөзінен кейін, Жымпитының орталық көшелерін «Қаһарман ұлт – Бессмертный полк» шеруі жүріп өтті. Шерушілермен бірге аудан басшылары, еңбек ардагерлері, тұрғындары «Мәңгілік алауға» гүл шоқтарын қойды. Салтанатты шара «Ұрпаққа ұран болған – Ұлы Жеңіс!» атты мерекелік концертке жалғасты.Түскі уақытта Алаш саябағындағы әскери шатырда тұрғындарға «солдат ботқасы» берілді.