Өткен аптада хабарлағанымыздай, Елбасының "Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласындағы "Туған жер"арнайы жобасы аясында жерлестер форумы Бұлан және Алғабас ауылдарында өтсе, бүгінгі күні Аралтөбе ауылында да оздырылды. Жерлестер форумының ашылу салтанатында сөз сөйлеген ауыл әкімі Ә.Мұхитов форумның мақсаты "Туған жер" жобасы аясында ауылды көркейту мақсатындағы ұсынылып отырған жобаларды көпшілікке таныстыру, әр жылғы мектеп түлектерін, ауылдың байырғы тұрғындарын ауыл жағдайымен таныстыру екендігін атап өтті.Алдымен жиналған көпшілік Аралтөбе орта мектебі ғимаратын аралап, "Түлектер саябағына"ағаш көшеттерін отырғызып, "Мәңгілік жауынгер" ескерткіш тақтасына гүл шоқтарын қойды. Аралтөбе орта мектебі заманауи техникамен жабдықталған, жоғары санатты ұстаздар білім беретін тәрбие ортасы десек қателеспейміз.Сонымен қатар форум қатысушылары ауылдағы тағы бір әлеуметтік нысан - ауылдық амбулаториялық орталықтың да тыныс-тіршілігімен танысты. Форумның екінші бөлімі аудандық мәдениет үйінде дөңгелек үстел басында жалғасты.Ауыл басшысы Ә.Мұхитов ауылдың қазіргі таңда газбен толықтай қамтамасыз етілгенін, интернет, ұялы байланыс желілері жұмыс жасап, тұрғындар қажетіне жарап тұрғандығын тілге тиек етті. Одан әрі ардагерлер кеңесі мүшелері , ауыл тұрғындары, ауыл ақсақалдары ауылдағы шешімін таппай келе жатырған бірқатар мәселелерді талқылады. Атап айтсақ, бейіт басына қоршау салу, балалар ойнайтын алаң немесе спорттық алаң салу, ауылдық мешіт ғимаратына жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселелері қозғалды. "Туған жерге туың тік" дегендейін Аралтөбе топырағында туып-өскен ел ағалары аталған мәселелерді шешуде қарап қалмай, көмек қолдарын созып, ауылдың көркеюіне үлес қосатындықтарын айтты.