Өткен аптада аудан басшысы Т.Төреғалиев және аудандық білім беру бөлімінің басшысы З.Ергазиева іссапармен Бұлдырты ауылдық округінде болып, ауылдағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, тыныс-тіршілігімен танысты.Алдымен жалпы білім беретін Бұлдырты орта мектебіне бас сұғып, іргетасы қаланып жатырған мектеп мұражайының жобасымен танысты.Аталған мектеп негізінен интернет желісіне қосылған, аудан бойынша сапа жағынан жақсы нәтиже көрсетіп жүрген білім ошағы. Қазіргі таңда ұстаздар қауымы арнайы енгізілген "Kundelik.kz" -ті игеру үстінде. Одан ары аудан басшысы интернатпен, бастауыш білім мекемесінің жай-күйімен танысты.Бастауыш сынып оқушылары қазіргі таңда жаңа білім беру жүйесі арқылы білім алуда. "Қарты бардың -қазынасы бар" дегендей, аудан әкімі Төлеген Серікқалиұлы ауыл ақсақалдарымен дөңгелек үстел басында бас қосып, ел бірлігі мен татулығы жайын, ауылдың қазіргі ахуалы мен шешімін таппай келе жатырған мәселелер хақында сөз қозғады.