Жұма күні Сарой ауылдық округінің орталығындағы Абай орта мектебінде «Алтын ұя – мектебім, сенен ұшып көктедім!» атты салтанатты жиын өтті. Шараға Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев, ғалым, тарихшы, өлкетанушы Жайсаң Ақбай, облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығының директоры Виктор Фомин қатысты.

Биыл Абай орта мектебі 50 – інші мәрте өзінің түлегін ұшырып отыр. Салтанатты шара мектептің 11 сыныбын аяқтаған жас түлектер мен олардың сынып жетекшісі Г. Жауарбекованы құрметпен қарсы алудан басталды. Осы сияқты мектептің әр жылдардағы түлектері, тіпті Абай орта мектебін алғашқы болып бітірген 1968 жылдың түлектері де құрмет алаңынан өтті.

Оқушыларды 2017 – 2018 оқу жылының сәтті аяқталуымен аудан әкімі Төлеген Төреғалиев құттықтады:

- Оқу мен білім алу талабы – бүгінгі күні тек мектептің емес, заманның адамзатқа қойған негізгі талабына айналды. Білімнің сапасы мектептен қалыптасады. Абай орта мектебі осы уақытқа дейін сапалы білім беруді басты ұстаным етіп келді. Осымен 50 – інші түлегіне сәт – сапар тілеген мектепті мерейлі қуанышымен құттықтаймын! Білімді ұрпақ көбейсін! – деді аудан әкімі өзінің сөзінде. Осы мағыналас тілекті ғалым, өлкетанушы Жайсаң Ақбай айтты.

- Мен жастарға жақсылық тілеймін. Бірақ адам өзінің жақсылығын өзі жасауы керек. Жақсылықтың бәрі біліммен жасалады. Сондықтан, білім тілейін мен сендерге – деді ол.
Салтанатты шарада мектеп педагогтары Бауыржан Асенеев, Серік Досқали және Кәкима Өтешова аудан әкімі Төлеген Төреғалиевтің алғыс хатымен марапатталды. Облыстық балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығының директоры Виктор Фомин Гүлбарам Ахметқалиева, Тамара Бержанова, Ләззат Төленбекова және Алмагүл Қайырбаеваға облыстық білім басқармасының Құрмет Грамотасын тапсырды. Олардың әріптестері Азамат Өтешов, Ереш Бисенғалиев, Айгүл Сәрсенғалиеваға аудандық білім беру бөлімінің Құрмет Грамотасына ие болды. Грамотаны аудандық білім беру бөлімінің басшысы Зәмзәгүл Ерғазиева табыстады. Мектеп әкімшілігі 2017 – 2018 оқу жылында оқуда озат болған оқушыларды, сонымен бірге мектепішілік «Үздік сынып», «Спортшы сынып» және «Үздік оқушы» байқауының жеңімпаздарын марапаттады.
Осы күні Абай орта мектебінде ғалым, жазушы, тарихшы, өлкетанушы, өңірдің тарихы мен тұлғаларына қатысты бірнеше зерттеу еңбектерінің авторы Жайсаң Ақбай атындағы сынып ашылды. Сыныпты салтанатты ашу құрметі ғалымның өзі мен аудан әкіміне ұсынылды. Мектеп директоры Тұрсын Төреғалиеваның айтуынша, сынып ашудың бір мақсаты – жерлес ғалымға құрмет болса, екінші мақсаты – ұрпақ тәрбиесі дейді. Сыныпта Жайсаң Ақбайдың еңбектері, жеке кітапханасындағы ғылыми әдебиеттер, ғалымның жеке дүниелері қойылған.