Кешегі аптада Сырым аудандық білім беру бөлімі мен «Сырым» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы біріккен жұмыс жоспарына сәйкес жалпы білім беретін Қ.Мырзалиев атындағы орта мектеп базасында «Зайырлылық және дінтану негіздері» факультатив курсын жүргізетін мұғалімдері үшін «Зайырлылық және дінтану негіздері» курсын оқытып-үйретудің тиімділігі мен діни білімді жетілдірудің жолдары» тақырыбында аудандық семинар ұйымдастырды.

Семинар жұмысына «Сырым» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ержан Жұмағожиев, Сырым аудандық мешіттің бас имамы Нұрсұлтан Беков Нұрсұлтан және «Зайырлылық және дінтану негіздері» курсын жүргізетін педагогтер қатысты.

Семинарда «Қазақстан Республикасының дін туралы заңнамасы. Зайырлылық - мемлекеттік жүйенің және ұлттық қауіпсіздіктің тұғыры» тақырыбында баяндама оқыған жалпы білім беретін Бұлан орта мектеп-балабақша кешенінің тарих пәні мұғалімі Серік Зиятов осы төңіректегі өзекті мәселелерге талдау жасады. Аудандық мешіттің бас имамы Нұрсұлтан Беков «Исламдағы діни рәсімдер» тақырыбында ой бөлісіп, семинарға қатысқан педагогтар тарапынан қойылған сұрақтарға тұшымды жауаптар берді. Орталықтөрағасы Ержан Жұмағожиев «Дәстүрлі емес діни ағымның дәстүрлі діннен айырмашылығы» тақырыбында презентация көрсетіп, дәстүрлі емес діни ағымдардың ерекшеліктерін, оларды дәстүрлі Ханафи мазхабынан ерекшеліктерін атады.
Семинар соңында дін саласы мамандары мен педагогтар оқыту процесінде кездесетін проблемалар, қазіргі таңда қоғамымызды алаңдатып отырған терроризм, экстремизм, қазақ халқының діни рәсімдері туралы пікір алмасты.