Жуырда Астана қаласында өткен «Рухани қазына - 2018» атты мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің І фестивалі өтті. Осы фестивальде Сырым аудандық С. Датұлы атындағы тарихи – өлкетану музейі «Үздік аудандық маңызы музей» аталымы бойынша жеңімпаз атанып, 1 млн теңге көлеміндегі қаржылай сыйақыға ие болды. Бүгін Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев аудандық музейдің директоры Айнагүл Ойшыбаеваны қабылдады.

Аудан әкімі өзінің сөзінде аудандық музейдің директоры Айнагүл Ойшыбаеваның өлкетану, тарихты түгендеу тұрғысындағы еңбектерін атап өтті. 
- Сіз жұмысыңызды сүйесіз. Жұмысын шын ынта – ықыласымен сүйген адам ғана, еңбегінің табысын көреді. Аудандық музейдің жұмысы республика көлемінде үздік болып танылып жатса, біріншіден басшы ретіндегі еңбегіңіздің көрінгені, екіншіден Сырым ауданының тарихына, Сырым батыр, Жаһанша Досмұхамедов сияқты қайраткерлердің өміріне, Алашорда үкіметінің Батыс бөлімшесінің жұмысына қоғамның жаңа көзқараспен, қызығушылықпен қарай бастағаны. Бұл – музейдің басты жетістігі! Жеңіс құтты болсын! – деді аудан әкімі Төлеген Төреғалиев.

Айта кетейік, фестиваль аясында республика бойынша 53 музейдің жұмысы таныстырылған. Музейлердің ортақ тілі – ол, тарих. С. Датұлы атындағы тарихи – өлкетану музейінің жұмысы сол тарихты барынша көркем етіп ұсыну жағымен ерекшеленген. Қазыларды аудандық музейдің жанындағы Алаш мұражайының тарихи маңызы бар, мемлекеттік қорғауда тұрған түпнұсқа ғимаратта орналасқаны мен әрі жәдігерлердің құндылығы, олардың экспозициялық көрсетілімі таңдандырыпты. Көпес Таракановтың үйі болған қазіргі мұражай ғимаратының «Қазақстанның киелі жерлерінің» тізімінде тұрғандығы тағы бар. Музей директоры Айнагүл Ойшыбаева айтуынша, аудандағы музейдің тарихи тартымдылығының жоғары бағалануы жергілікті басшылықтың мәдени мұраларға деген қолдауының арқасында ғана мүмкін болып отыр. Айнагүл Мағауияқызы, өзінің сөзінде БҚО тарихи – өлкетану музейінің директоры Мирболат Ерсаев мырзаның да еңбегін де атап өтті. Тағы бір жақсы жаңалық, «Рухани қазына - 2018» атты мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің І фестивалінің жұмыс қорытындысында, республика көлемінде облыстық музейлер қауымдастығы құрылып, оған облыстық музейдің директоры Мирболат Ерсаев төраға болып сайланды. 

С. Датұлы атындағы тарихи – өлкетану музейінің қорында бүгінгі күні 5 000 – ға жәдігер бар. Музей директоры алдағы бес жылда қор екі еселенеді деп нақты болжамын айтып отыр. Әрине, қордың көбейгені, қазіргі күні қазақстандық қоғамның күн тәртібінде тұрған рухани жаңғыру жұмыстарының осындай музейлерден бастап қарқын алғаны жақсы.