Бүгін жаздың жайма шуақ күнінің алғашқы күні Халықаралық балаларды қорғау мерекесі кең көлемде тойланды. Бүлдіршіндердің мерекесіне орай, аудан орталығында ауқымды шара өтті.

Шара барысында аудан әкімдігінің қолдауымен және аудандық білім бөлімінің үйлестіруімен аудан оқушыларынан құралған барабаншылар шеруі ұйымдастырылды. Салтанатты шеруге аудандық саз мектебінің пианино, домбыра сыныптары оқушылары, аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің және аудандық балалар шығармашылық орталығының би сыныбының оқушылары қатысты.

Балаларға көңілді қуаныш сыйлаған мерекелік іс-шарада аудан әкімінің орынбасары А.Сарқұлов құттықтау сөз сөйлеп, «Халықаралық балаларды қорғау күні» мерекесінің Тәуелсіз Қазақстан үшін маңызы жоғары екенін атап өтті. Сонымен бірге, бүгінде балалардың сапалы білім, саналы тәрбие алып, азат елдің озат ойлы азаматы атануына барлық жағдай жасалып жатқанын жеткізіп, үлгілі оқушыларға аудан басшысының сыйлығын табыс етті. Салтанатты шара одан әрі балалардың мерекелік концертіне ұласты. Мерекелік концерт барысында әр түрлі ертегі кейіпкерлері, сайқымазақтар ойындар ұйымдастырып, балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар мәдениет үйінің фойесінде дойбы,шахмат, сурет салудан жарыстар ұйымдастырылды.