Ұлтымыздың жыраулық өнерін насихаттаудағы ізденісін, шеберлігін дәлелдей білген дәстүрлі өнер өкілі, тума талант иесі Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкірттерінің бірі Мейрамгүл Орашева мен Құрманғазы оркестрінің мүшесі, күйші Мақсат Тілепберген ән сапармен Сырым ауданына табан тіреп, Сарой және Бұлан ауылдық округтерінде болды. Алдымен күйші Мақсат Тілепберген Құрманғазының "Қайран шешем", Динаның "Әсем қоңыр" күйлерімен көрерменнің құлақ құрышын қандырса, Бибігүл Орашева ұстазы Ғ.Құрманғалиевтің әндерімен қатар, Ақтангерей, Бұқардың термелерін нақышына келтіре орындады. Тағы бір айта кетерлігі, әсем ән, дүмбірлеген күймен қатар, қос өнер иелері естелік әңгімелерімен бөлісіп, поэзиядан да тарту жасады. Кеш соңында Сарой ауылдық округінің әкімі А.Жакиев ауыл тұрғындары атынан алғыс білдіріп, сыйлық табыс етті.Түстен кейін дәстүрлі ән майталмандарының ән сапары Бұлан ауылдық округінде жалғасын тапты.