Рәміз - халқымыздың рухын, ұлттық санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгі боп саналады. Кез-келген мемлекеттің көркейіп, гүлденуі сол мемлекеттің төл рәміздеріне деген құрмет сезімінен өрбиді. Біздің елімізде бұл мереке 1992 жылы 4-маусым күні Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы Заң қабылдағалы бері аталып келеді. Осыған орай, бүгін ауданымызда автошеру және велошеру ұйымдастырылды. Шеруге қатысушылар дене шынықтыру кешені алаңынан , орталық алаңға дейін жүріп өтті.

Салтанатты шараның екінші бөлімінде сөз сөйлеген аудан басшысы Төлеген Серікқалиұлы өз сөзінде: 

- 4 маусым Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күні ретінде тарихымыздың алтын беттерінен орын алды.Мемлекеттік рәміздер ретінде ту мен елтаңба - егемендік және тәуелсіздік идеяларының нақты заттық белгілері. Әнұран - осы ізгі ұғымдардың бірден-бір рухани жаршысы.Және ешқашан естен шығаруға болмайтын бір ақиқат бар. Ол - мемлекеттік рәміздердің тек көркем образ ғана емес, тәуелсіз мемлекет құру идеясының жаршысы екендігі. Олар осы ізгі сезімді адамдардың жан дүниесіне сіңіріп, ақыл-ойын дарытуға қызмет етеді-дей келе,аудан жұртшылығын айтулы мерекемен құттықтады. Одан ары сөз алған ардагер ұстаз Г.Қалиахметова мен жастар атынан Ж.Досмұхамедов атындағы мектептің кураторы Ш.Әжіғалиева Тәуелсіз мемлекетіміздің арғы-бергі тарихын тілге тиек етіп, егемендігіміз мәңгілік болсын деген игі тілектерін жолдады.Салтанатты шара соңында аудан көркемөнепаздары ән мен биден тарту жасады.