Бүгін Сырым аудандық ветеринарлық станциясына жаңа басшы тағайындалды. Сырым аудандық ветеринария бөлімінің бұйрығына сәйкес, бұл лауазымды енді Усағалиев Руслан атқаратын болады.

Ұжымына жаңа директорды таныстырған Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев Руслан Усағалиевтің осыған дейін ауданның ауылшаруашылығы саласында табысты еңбек еткенін, әсіресе шаруашылық құрылымдармен тығыс әріптестікке жұмыс жасағанын атап өтті. Аудан басшысын айтуынша, аудандағы кәсіпкерлік саласының күретамыры – мал шаруашылығы. Мәселе малға тірелген кезде, ветеринарлық станцияның алдында аз міндет тұрған жоқ. Қазіргі күннің өзінде ірі қара малдың сарып ауруына шалдығу деректері бойынша аудандық көрсеткіштен артық көрсеткіш көрсетіп отырған округтер бар. Мал басын бірдейлендіру ісі де ілгерілетуді күтіп тұр. Бұл жұмыстарды атқаруда іскерлік пен жаңашылдық керек. Жаңа басшы аудан әкімінің тарапынан тапсырылған осы міндеттерді үлкен жауапкершілікпен атқарамын деп сендірді. Аудан әкімі Төлеген Төреғалиев бүгінгі күнге дейін мекеме басшысының міндетін уақытша атқарып келген Әселхан Хамзинаға алғыс білдірді.