2015 жылғы Республикалық «Мерейлі отбасы» байқауына Батыс Қазақстан облысы атынан қатысқан Кенжебаевтар отбасылық ансамблінің жетекшісі Жасқайрат Кенжебаевердің жасы 50-ге келіп, өз өнерлерімен халық алдында есеп беруді бастады.

Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, Астана қаласының 20 жылдығы мерекесі аясында «Демалыс орталығы» МКҚК жанындағы Халықтық «Кенжебаевтар» отбасылық ансамблі жылжымалы-мәдени бірлестік бөлімінің ұйымдастыруымен ауылдық округтерде гастрольдік сапарда жүр.

Маусым айының 9-10 жұлдыздары Бұлдырты, Жетікөл ауылдық округтерінде, Көгеріс елді мекенінде ауыл тұрғындарына «Өнерім саған, туған ел» атты отбасылық шығармашылық концертін ұсынды. Шығармашылық кеш қасиетті Рамазан айындағы қайырымдылық шарасы ретінде ұйымдастырылды. Концерт ақылы болды және арнайы қойылған жәшікке ауыл тұрғындарының өз ниеттерімен шама-шарқынша қаржыларын салды. Денсаулықтарының кінәраты бар Жетікөл ауылының кішкентай тұрғыны Рахметолла Аңсарымға 20 мың теңге, Бұлдырты ауылының кішкентай тұрғындары Дамир, Мансур Самиғоллаларға 15 мың теңгедей қаржы берілді.  Әсем әнге сусаған ауыл тұрғындары алғыстарын айтып, Жетікөл ауылы тұрғындары атынан ауыл әкімі С.Ғабдуллин Ж.Кенжебаевқа алғыс хат пен сыйлық табыс етсе, Көгеріс елді мекені тұрғындары Ж.Кенжебаевтың иығына қазақы қонақжайлылықпен шапан жапты, Бұлдырты ауылдық мәдениет үйінің директоры М.Досқалиев әріптес ағасын 50 мерейлі жасымен құттықтап, құттықтау хат пен сыйлық табыстады. Биылғы жылы ҚР Мәдениет Министірлігімен бекітілген «Халықтық» атағын алған Кенжебаевтар отбасылық ансамблінің шығармашылық кеші алдағы уақытта облыс орталығында, көршілес аудандарда шығармашылық есебін беру жоспарлануда. М.Ғұбайдуллин, Аудандық «Демалыс орталығы» МКҚК-ның жылжымалы-мәдени бірлестік бөлімінің меңгерушісі