Айта кетейік, Сырым ауданында он шақты ауылда жерлестер форумы өтті. Ол форумдар бүгінгі күні нақты нәтижелерге себеп болуда. Бүгін Елтай ауылдық округінің орталығы Тасқұдық ауылында өткен «Туған жерді түлету – перзенттік парыз» атты кезекті форумнан да айтылған сөз жасалған іске айналады – ау деген үмітпен қайттық.

Форумның кіріспе сөзін Елтай ауылдық округінің әкімі Батырғали Иманқұлов сөйледі. Әкім округ орталығында жолдан басқа әлеуметтік мәселелердің шешілгенін, соңғы жылдары ауылда көшу жағы тежеліп, тұрғындардың мал шаруашылығын кәсіп есебінде қолға алып жатқандарын, осы арқылы жарты мыңға жуық адамның тағдырын тікелей Тасқұдықтың дамуымен байланыстырып отырғанын айтты.

– Біз жерлестерімізді, ауылдастарымызды ауылымыздың төрінен көргенге қуаныштымыз. Тасқұдықтың көркейгенін, оның тұрғындарының жайлы тұрмыс кешкенін Сіздердің де тілейтіндіктеріңізді білеміз. Туған ауылының дамуына үлес қосуға әркімнің қақы бар. Біздер бүгін ауылдастарымызды осыған үндегіміз келеді. – деді ол. Округ әкімі Батырғали Иманқұлов форум делегаттарының назарына Тасқұдық ауылындағы орталық саябақты жаңарту туралы жобаны ұсынды. Жоба бойынша жаңа саябақтың ішінде балалар ойын алаңы, «StreetWorkout» стиліндегі спорт алаңы болады деп күтілуде. Басқа саябақтардағыдай жаяулар соқпағы, орындық, шам өз алдына. Бірінші ретте, саябақтың қоршауы жаңартылуы керек. Бұл жобаны қаржыландыру туралы ұсынысқа форумға қатысушы тасқұдықтықтар тегістей қолдау білдірді. Кәсіпкерлер Армат Таңсықов пен Асқар Шулеов сол жерде балалар ойын алаңы мен спорт алаңының құрылысын өз мойындарына алатын болды. Ауылдың байырғы тұрғыны Анатолий Порхоменко таза қазақ тілінде: «Ауыл өзіміздікі. Жұмыс ортақ! Қашпаймыз! Көмектесеміз!» - деді. Ауыл жастарының атынан сөйлеген Ердос Үмітов, демеушілердің әлі де көптеп табылуы үшін саябақты жаңғырту туралы жобаны әлеуметтік желілерде жариялау, сыртта жүрген ауылдастарды түгел құлақтандыру туралы ұсыныс айтты. Жобаны қолдау, жалпы ауылды абаттандыру, туған жерге құрметпен қарау жөнінде ауыл ақсақалдары Сайлау Үкиев, Қабылтай Хасанов, ел ағалары Ерсұлтан Ахметқалиев, Мұхтар Шулеовтар жақсы пікірлер білдірді. Форум жұмысына арнайы қатысқан «Нұр Отан» партиясы Сырым аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, аудандық мәслихаттың депутаты Талғат Дарғожиев жобаның сәтті жүзеге асуына тілектестік білдірді. Партия төрағасының орынбасарының айтуынша, Сырым ауданында туған ауылдарына жақсылық жасаудан жарыс болып жатыр дейді. Алысқа бармай – ақ, Қособада түлектердің балаларға, жастарға арнап ойын, спорт алаңдарын салудың дәстүрге айналуы, Бұлдыртыдағы азаматтардың ауылдың кіреберісіне қақпа орнатып жатқаны, талдыбұлақтықтардың мектептің акт залына көмегі, Көгеріс пен Көздіғараның өз күштерімен мәдениет ошағын салып жатқаны осы сөзге дәлел. Осы жақсылықтың жарысына енді тасқұдықтықтар қосылды. Негізі, Елтай ауылдық округі Ерсұлтан Ахметқалиев сияқты азаматтардың бас болуымен, осыған дейін де ел болып, Ұлы Отан соғысында қатысқан жерлестерінің құрметіне ескерткіш тақта орнатып, өздерінің күшімен ауыл маңындағы зиратты да қоршап алғанын жазған едік. Яғни, бұл ауылдың бас біріктіріп іс жасауға келгенде әжептеуір тәжірибесі бар. Айтылған сөз жасалған іске айналады – ау деген үмітпен қайттық деп отырғанымыз содан.

Форум делегаттары форумның жұмысы аясында Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлердің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, кейін Тасқұдық негізгі мектебіне барды. Түскі уақытта мектеп асханасында ауылдастарға қонақасы берілді. 

Шара Елтай ауылдық округі көркемөнерпаздарының концертімен аяқталды.