Бүгін Сырым ауданының орталығы Жымпитыда ұлттық домбыра күніне арналған «Домбыра – ұлттық қасиет» атты шара өтті. 

- Қазақ бес қаруын бір қасиет деп білсе, домбырасын бір қасиет деп білген. Расымен де домбыра да қасиет бар. Ол қазақтың жанымен үндес, өзімен тағдырлас. Биылдан бастап тойланып жатқан ұлттық домбыра мерекесі қазақ руханиятының жаңалығы болып қабылдануда. Домбыраны дәріптеуді Тәуелсіздіктің міндеті деп білемін. Көрсеткен құрметтің биігі сол, әр қазақтың төрінен домбыра түспесін! 

Ұлттық домбыра күні құтты болсын! - деді салтанатты шарада құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Төлеген Төреғалиев. 

Кеше кешкісін С. Датұлы атындағы мәдени – демалыс саябағында да Ұлттық домбыра күніне орай «Сырым жастары» жастар қоғамдық бірлестігі мен аудандық мәдени – демалыс орталығы ұйымдастырған «Домбыра – думан!» атты көпшілік шарасы және мүмкіндігі шектеулі балалардың қолөнер бұйымдарының аукционы өткен болатын. Осы шараға белсене қатысып, үздік өнер көрсеткен жас домбырашылар, халықаралық «Асыл мұра» ән – терме байқауының гран – при иегері, әнші Шапағат Амангелдіге, аудандық балалар саз мектебінің оқушылары Дінмұхамед Құмарғалиға, Бернар Жолдығалиға және Төлес Төлегеновке аудан әкімі Төлеген Төреғалиев домбыра табыс етті. 

Орталық алаңдағы салтанатты шара аудан көркемөнерпаздарының мерекелік концертіне жалғасты. 

Бүгін қособалық Оралбек Жұмабаевтың жанұясында Сәруәр есімді қыз дүниеге келді. Мерекелік шарадан кейін Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев бірге аудандық перзентханада болып, сәбиге ырымдап домбыра сыйлады. Сәруәрдың анасы Айжанды «Сырым жауһарлары» ұйымының төрайымы Мәншүк Бахитова да құттықтады.

Айта кетейік, кешегі өткен «Домбыра - думан» шарасы аясында «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының Сырым ауданындағы штабы ресми түрде жұмысқа кірісті. 40 сарбаздан тұратын штаб күзге дейін аудан орталығының абаттануына үлес қосатын болады.