Аудан әкімінің ашық есік кұндері Сарой ауылдық округіне қарасты Шағырлыой ауылы мен Көздіқара елді мекенінде жалғасты. Тұрғындармен жиынға аудан басшысы Т.Төреғалиев, мәслихат хатшысы Ш.Дүйсенғалиева, электр торабы желісінің басшысы Ж.Молдашев,аудандық білім беру бөлімінің басшысы З.Ерғазиева аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Ө.Уашев қатысты.

Алдымен ауыл әкімі А.Жакиев 2018 жылдың 6 айында атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады. Сарой ауылдық округі де, Көздіқара елді мекені де негізінен мал шаруашылығы мен айналысады. Бүгінгі таңда ауылдық округте 23 шаруа қожалығы мен 1 ауылдық тұтыну кооперативі тіркелген. Шаруашылықтардың барлығы дерлік қазіргі кезде мал өсіру, мал басын асылдандыру және мал азығын дайындау жұмыстарымен айналысуға бағытталған. Ауыл азаматтарының экономикалық белсенділігін арттыру мақсатындағы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Бизнес бастау» жобасы аясында 2 адам сертификат алып, 3 адам оқуларын жалғастыру үстінде екен. Сонымен қатар елді мекендерді газдандыру мәселесі бойынша Шағырлыой ауылында 89 үй, Көздіқара елді мекенінде 25 тұрғын үй мен әлеуметтік бюджеттік мекемелер көгілдір отынға қосылды. 

Жиын барысында тұрғындар тарапынан Көздіқара елді мекеніндегі иесіз үйлердің орындарын тегістеп, қоқыс қалдықтарынан тазарту жөнінде және Көздіқара негізгі мектебін ауыз сумен қамтамасыз ету, электр жарығы бағаналарын бақылау, ал Шағырлыойлықтар мал жайылымын кеңейту, бруцеллез ауруының алдын алу шаралары бойынша түсінік жұмыстарын жүргізу, бейіт айналасын қоршату және қосымша ауыз су алатын екі нүкте орнатылса деген ұсыныс – тілектерін айтты. 

Аталған мәселелер бойынша аудандық электр желісі торабының басшысы Ж.Молдашев, аудандық білім беру бөлімінің басшысы З.Ергазиева, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Ө.Уашев жауап берсе, аудан басшысы Т.Төреғалиев қорытындылап, айтылған ұсыныс – тілектер өзекті мәселе болғандықтан, қаперге алатындығын жеткізді.