Бүгін аудан әкімінің орынбасары Ерболат Ахметовтың төрағалығымен аудандық деңгейдегі төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Күн тәртібіндегі табиғи өрт қауіпті кезеңінің қазіргі жағдайы туралы аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, майор Ғабит Жасталап хабарлама жасады.

Биылғы жаз аптап ыстық, жауынсыз болуының салдарынан дала өрті өршіп тұр. Құрғақшылықтың кесірінен онсыз да аз шабындықтағы мардымсыз шөп ораққа емес, отқа ілініп кетпеуі үшін аса мұқияттылық қажет. Ғ.Жасталап тілсіз жауды тойтару үшін аудандық мекемелер қандай дайындықпен шығу керектігі, өрт сөндірудің ұйымдастырылуы, әр азаматтың жауапкершілігі, далалық жұмыстарға жұмылдырылатын техникалардың дайындығы туралы айтты.

Жиынды аудан әкімінің орынбасары Е.Ахметов қорытындылады. Ерболат Әжмұхамбетұлы сенбі, жексенбі күндері көшеде оқтай зымырап жүретін қызметтік көліктердің дала өртін сөндіруге шығар кезде «істен шығып қалатынын» сынға алып, аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Бақтығали Қожахметовке демалыс күндері жүрген қызметтік көлікті қамап тастауды қатаң тапсырды. Аудан әкімі, төтенше жағдайлар жөніндегі комиссия төрағасы Т.Төреғалиев бекіткен «Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында 2018 жылдың маусым-шілде айларында дала өртіне мекемелердің қызметкерлері мен мен техникаларын тарту кестесіне» сай мекемелер кезекпен өрт сөндіруге шығу қажеттігін ескертті.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА