Жаз басталысымен көпшіліктің жасыл желекке оранған табиғат аясына асығатыны анық. Көбіне өзен-көлдердің маңайын төңіректейтіндер тек тынығып қана қоймай демалыс мекендерін ластап кетеді. Осының салдарынан орман, тоғай және көл жағасы түрлі қоқысқа толып, табиғатқа айтарлықтай зияны тиіп, көптеген залал келетінін естен шығаратыны көңіл қынжылтады.

Осы орайда облыстық "Таза жағалау" экологиялық акциясы барысында тұрғын үй,коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімі, Жымпиты ауылдық округі әкімі аппараты, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы және "Жасыл ел" еңбек жасағы сарбаздары Өлеңті өзені жағалауын тазартты.Тазалық барысында Өлеңті өзені көпірі шығыс бағытына қарай өзеннің екі жақ жағалауын тұрмыстық қалдықтардан, су жеткізуші жолдарды қамыстан, балдырдан тазарту жұмыстары жүргізілді.Осылайша, өзен жағалаулары қоқыс-қалдықтардан тазартылып, жаңғырып қалды. «Бұндай шаралар алда да жалғасын таба береді. Тазалық акцияларын жиі ұйымдастырған жөн, алайда оның нәтижесін айқын көрудің бірден-бір жолы – әрбір адам өскен ортасын бүлдірмеуге дағдыланғаны дұрыс.Ауыл тұрғындары осыған мән беріп, жастарға өнегелі ісімізді көрсетсек екен», – дейді тұрғын үй,коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы М.Қайырғалиев.Сонымен қатар аталған акция ауылдық округтерде де өтті.

Мархат Тұрланқызы