Кешегі жексенбіде Астана қаласындағы Ж. Жабаев атындағы №4 мектеп гимназиясының оқушылары танымдық сапармен Сырым ауданына келді. Олар ең әуелі «Қазақстанның киелі жерлерінің» тізіміне енген Шолақаңқаты ауылдық округінің аумағындағы әулие Жұмағазы Хазірет жатқан қорымның басында болды. Сапаршылардың құрамындағы 47 оқушы мен олардың жетекшілерін Сырым батырға арналған кесененің тұсынан Сырым ауданы әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов әріптестерімен бірге салтанатты түрде қарсылады.

Гимназия оқушылары күннің ортасына дейін Жымпитыдағы С. Датұлы атындағы тарихи – өлкетану музейі және Алаш мұражайында болып, ерекше жәдігерлермен танысты. Жәдігерлерді былай қойғанда, Жымпитыда Алашорда Үкіметінің Батыс бөлімшесінің кеңсесі болған тұтас ғимараттың сақталуы оқушыларды кәдімгідей таңқалдырды. Ауданға деген құрметтің белгісі ретінде астаналықтар Қ. Мырза Әлидің ескерткіші мен Алаш саябағындағы Алашорда үкіметінің қайраткерлеріне арналған мемориалдық кешенге гүл шоқтарын қойды.

Астана қаласындағы Ж. Жабаев атындағы №4 мектеп гимназиясы директорының тәрбие ісі жөніндегі меңгерушісі Айгүл Шаяхметованың айтуынша, жас өлкетанушылар Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы «Туған жер» бағыты бойынша Батыс Қазақстан облысына арнайы өңір тарихымен танысу үшін арнайы келіп отыр екен. Олар үшін сапарларының негізгі нүктесі болып, Батыс Қазақстан өңіріндегі тарихы бай аймақтар ретінде облыс орталығы Орал қаласы мен Сырым ауданы белгіленіпті.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы