Кешегі күні Сырым аудандық әкімдігі және Дәдем ата қорының ұйытқы болуымен Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Қазақстанның киелі жерлері» бағыты бойынша киелі орындар қатарына енген Жұмағазы Хазірет (Дәдем ата) қорымында ас беріліп, ұлттық ойындардан жарыс оздырылды. Дәдем ата қорымы – Шолақаңқаты ауылдық округіне қарасты орналасқан үлкен қауым болып табылады.

Аталған қорымға ұрпақтары 2004 жылы кесене, 2006 жылы түнек үйі мен мешіт салынды. Шараның алғашқы сөзін алған аудан әкімі Төлеген Серікқалиұлы Дәдем ата XVIII – XIX ғғ өмір сүріп, ерекше қабілетімен танылған жан екендігін тілге тиек етті. Дәдем атаның тікелей ұрпағы болып табылатын Ғарифолла Баймұратұлының сөзіне сүйенсек, кесененің басына зиярат етушілер үшін арнайы кітапхана ашылатындығын атап өтті. Осыған орай, «Дана» журналының редакторы, «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Қазыбек Құттымұратұлы арнайы кітап табыс етсе, Дәдем ата қорының жетекшісі Ғарифолла Баймұратұлы «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында Шолақаңқаты, Алғабас және Орал қаласындағы бірқатар оқушыларға оқу- құралдарын алуға қаржылай демеушілік көрсетті.

Сонымен қатар Жұмағазы Хазірет қорымын насихаттау мақсатында ұлттық ойын аударыспақтан, қазақ күресінен жарыс ұйымдастырылып, көршілес Қазталов, Бөрлі, Ақжайық және Орал қаласынан жас спортшылар қатысты. Аударыспақ бойынша 70 кг- дан жоғары жүлделі 3 орынды Қалиақбаров Амангелді(Ақжайық ауданы), жүлделі 2 орынды Хамзин Ерназар( Қазталов ауданы), жүлделі 1 орынды Қалиев Әнуарбек (Орал қаласы), 70 г салмақ дәрежесі бойынша жүлделі 3 орынды Қайыржанов Әспембет (Сырым ауданы), жүлделі 2 орынды Балпанов Асхат ( Бөрлі ауданы), жүлделі 1 орынды Оңғарбаев Әділ( Орал қаласы), қазақ күресінен жүлделі 3 орынды Хамзин Ерназар(Қазталов ауданы), жүлделі 2 орынды Уразғалиев Айбол (Сырым ауданы), жүлделі 1 орынды және «түйе палуан» Серіков Нұрбол (Қазталов ауданы) иемденді. Жүлдегерлерді «Қайсар» спорт клубының директоры Бауыржан Ихсанов пен Дәдем ата қорының жетекшісі Ғарифолла Баймұратұлы дипломмен және ақшалай сыйлықтармен марапаттады.

Спорттық шаралардан соң, Құран бағышталып, ас берілді.