Кеше ҚР Конституциясы күні мерекесіне орай Жосалы ауылдық округінің орталығы Қоңыр ауылында жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен салынған балалар ойын алаңы мен көше спортына арналған StreetWorkOut жабдығы пайдалануға берілді. Нысандардың салтанатты ашылуы шарасына Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев қатысты.

Жосалыдағы бұл жақсылықтарды Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан туындаған «Туған жер» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жарқын істердің қатарына жатқызуға болады. Салауатты өмір салтын ұстанатын жастар арасында сұранысқа ие StreetWorkOut жабдығын ауылдың тұрғыны, «ГауМар» шаруа қожалығының жетекшісі Саян Үсенов орнатыпты. Ал, ауылдың тумасы, «БатысМұнайГазЖабдықтары» ЖШС директоры Берік Сүлейменовтің жеке қаржысына салынған балалардың ойын алаңы бүгінгі күні тек бүлдіршіндердің ғана емес, ауыл үлкендерінің де демалыс орынына айналып үлгеріпті. Түрлі әткеншектер мен шатырлар, алаңды айналдыра қойылған сәнді орындықтар, бәрі бір қарағанда қалалық тұрмыстың көрінісіне ұқсап кетеді. Бірақ, Қоңыр сияқты ауылдар қаладағы игіліктердің ауылда да қолжетімді екенін көрсетуде. Осы жерде Берік Сүлейменовтің былтыр Бұлдырты ауылында да осындай алаң салып бергенін айтпай кетуге тағы болмайды. Салтанатты шара ауыл балаларының концертімен жалғасты.

Жосалы ауылдық округінің әкімі Қобыланды Ғабдешовтың айтуынша, жосалылық азаматтар туған жерге еңбегінен енші беруге келгенде әуелден – ақ енжар емес екен. 2007 жылы Рауан Үсеновтың салған Қоңыр мешіті, Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлер мен еңбек ардагерлеріне арналған ескерткіш тақта, ақын Абдолла Жұмағалиевтың тойы – әкімнің сөзіне дәлел бола алады. Биылдың өзінде А. Жұмағалиев атындағы Жосалы орта мектебінің түлектері мектептің ауласына шырша егіп, тақта тұрғызып, тіпті жарықшам мен қақпа орнатып, біраз жақсылық жасапты. 
Жылдың басынан бері есептегенде, осы күнге дейін Сырым ауданында «Туған жер» бағдарламасы аясында 17 миллион теңгенің жобасы жүзеге асырылды.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ