Бүгін Бұлдырты орта мектебінде 1 – қыркүйек Білім күніне орай «Армысың алтын ұя мектебім!» атты алғашқы қоңырау салтанаты өтті. Оқушылардың салтанатты жиынына Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев, «Жайық ПРЕСС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Рауан Сәбитов қатысты.

Мектеп директоры Алмагүл Бисалиеваның сөзіне қарағанда, Бұлдырты орта мектебі үшін өткен оқу жылы өте сәтті болған. Түлектердің 7 – еуі «Алтын белгі» иегері атанып, 1 – еуі «Үздік аттестатқа» лайық болған. 40 түлектің 17 – сі жоғарғы, ал 12 – сі арнаулы оқу орындарының білім гранттарын жеңіп алыпты. Мектеп жаңа оқу жылын 360 оқушымен бастапмотыр.

- Бүгін Бұлдырты орта мектебінде 33 шәкірт білім әлеміне алғашқы қадамын басты. Олар үшін бүгін алғашқы қоңырау соғылды. Әр оқушының өз арманы бар екені белгілі. Сол сияқты мемлекеттің де өз мақсат – мүддесі бар. Елбасы Н. Ә. Назарбаев тәуелсіз Қазақстанның алдына дамыған 30 елдің қатарына қосылу деген ұлы міндетті қойды. Адамның арманына жетуі үшін де, мемлекеттің мақсатына жетуі үшін де білім керек. Мен жастарға озық білім тілеймін! – деді құттықтау сөз сөйлеген Сырым ауданының әкімі ТөлегенТөреғалиев.
Оқушылар үшін сапалы білім игерудің маңызды екенін өзінің сөзінде журналист, «Жайық ПРЕСС» медиахолдингінің директоры Рауан Сәбитов та айтты.
- Бүгін мектеп сабында Бұлдырты ауылының болашағы тұр деп ойлаймын. Сіздер мүмкіндікті мүлт жібермей, уақытты қалт жібермей, келешектің даңғыл жолына бүгіннен бастап дайындалуға тиіссіздер. – деді ол.
Бір айта кетерлік жаңалық, Бұлдырты орта мектебіндегі алғашқы қоңырау салтанатына мектептің 1986 жылғы түлегі Яков Даршт Германиядан арнайы келіп қатысты. Ол Германиядағы Даршттар жанұясының ыстық сәлемін жеткізіп, анасы Тамараның аманаты бойынша бірінші сынып оқушыларына тәттілер үлестірді. Сонымен қатар, Яков мектептің қорғаншылық қорына өз атынан 50 мың теңге аударыпты. Туған ауылына 25 жылдан кейін келіп тұрған Бұлдыртының «Яшкасы» туралы арнайы мақаланы кейінірек оқитын боласыздар.
Жаңа оқу жылының алғашқы қоңырауын соғу құрметі 1 – ші сынып оқушысы Томирис Берліғожина мен мектептің дәстүрлі әншісі, үлгілі оқушысы Артур Маратқа ұсынылды. Салтанатты шарадан кейін әрбір сыныпта тәрбие сағаттары өтті.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
Сырым ауданы