Бүгін Сырым ауданына жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов келді. Облыс басшысы әуелі Батыс Қазақстан облысындағы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясына» енген нысанның бірі, әулие Жұмағазы Хазіреттің кесенесі орналасқан зиярат кешеніне аялдады.

Жұмағазы хазірет XYIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың басы аралығында Батыс Қазақстан өңірінде өмір сүрген діндар. Ел арасында бұл кісіні Дәдем ата деп те атайды. Атаның кесенесі Сырым ауданы, Шолақаңқаты ауылдық округінің аумағындағы Тамасай деген жерде тұр. Әулие Жұмағазы Хазіреттің басы әуелден зиярат етушілерге толы. Кесененің шырақшысы, әулиенің ұрпағы Ғарифолла Жанбозовтың айтуынша, бұл жерге жай күндердің өзінде 50 – 60 адам келетін болса, ал демалыс күндері келушілер саны 350 – 400 адамға дейін көбейетін көрінеді. Келушілер үшін кесененің басында қонақ үй, намазхана бар. Тамасайдың етегінде Жұмағазы бұлағы ағып жатыр.

Кейінгі жылдары бұл зиярат орыны түрлі қоғамдық шараларды қабылдай бастады. Тарих, мәдениет тақырыптары бойынша өзара кеңесу үшін осы жерге қоғам белсенділері, зиялы қауым өкілдері келетін болды. Сол қоғам өкілдерінің тарапынан Самара – Шымкент күре жолынан кесенеге дейінгі 3 шақырымдық жолды жөндеу туралы ұсыныстар айтылып жүрген болатын. Батыс Қазақстан облысының әкімімен кездесуінде осы мәселені шырақшы Ғарифолла Жанбозов тағы көтерді. 

- Жол салу мәселесін қолдаймын. Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиевке жолдың жобалық – сметалық құжатын дайындауды тапсырамын. Құрылыс келесі жылдың көктемінде басталады. – деді өңір басшысы өзінің мәселеге қатысты берген жауабында.
Халыққа бүгінгі күні Жұмағазы Хазіреттің әулие екені, туған жері Жалпақтал жағы екені ғана аян. Хазіреттің Түркістанға барып ілім алғаны, оның пәлсапалық трактаттар жазғаны туралы айтылатын деректер де толық емес. Хазіреттің ілімді нақты кімнен алғаны, нақты қандай еңбектері бар екені белгісіз. Облыс әкімі Алтай Көлгінов Жұмағазы Хазіретті осы жағынан зерттеуді, тұлғаның өмірбаянына қатысты мәліметтерді нақтылауды қолға алу керектігін айтты. Алдағы уақытта, әкімнің ұсынысына орай, зиярат орынының тарихын, әулиенің өмірбаянын таныстыру мақсатында заманауи технологияларды пайдалану, мәселен QR – код орнату мәселелері де қолға алынбақ. 
Ғарифолла Жанбозов облыс әкімінің зиярат орынын дамыту, зерттеу жұмыстарын жандандыру туралы ұсыныстарын қуана қолдады. Өйткені ол, осыған дейін «Дәдем ата» қорының төрағасы ретінде атасы туралы деректерді білмек ниетпен Алматы қаласындағы, тіпті Астрахань, Орынбор қалаларындағы мұрағаттарға сұрау салып көрген екен. Бірақ, амал нәтижесіз болған. 

- Дәдем ата қорымының Қазақстанның киелі жерлерінің қатарына енуі зерттеу жұмыстарына жаңалық әкеледі деген сенімдемін. Жұмағазы Хазіретті тану арқылы өлкеміздің тарихы байи түсер еді. Бұл жерге шетелден туристер де көп келеді. Заманауи технологиялар олар үшін түсінікті болады деп ойлаймын. Өзіміз зиярат орынының басынан кітапхана ашуды жоспарлап отырмыз – дейді Ғарифолла Жанбозов.
Айта кетейік, Ғарифолла Жанбозовтың өзі 2005 жылдан бері мал шаруашылығымен айналысады. Ол жетекшілік ететін «Баймұрат» шаруа қожалығы ауылшаруашылығын қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламаларға тұрақты қатысып келеді. «Сыбаға» бағдарламасын сәтті аяқтаған қожалықта бүгінгі күні 200 – дей ірі қара, 600 – дей ұсақ мал бар. Қойдың басын көбейту жұмыстары «Алтын асық» бағдарламасы арқылы жүріп жатыр.

БауыржанШИРМЕДИНҰЛЫ,
Сырым ауданы