«Нұр Отан» партиясы Сырым аудандық филиалының мәжіліс залында «Жайық таңы» қоғамдық бірлестігінің өкілдері, Тәжиден Батырұлы атындағы Орал қалалық мешітінің найб имамы Әсет Раманқұлов пен облыстық дін мәселелерін зерттеу орталығының теологы Наурыз Убаев діни сауаттылықты арттыру бойынша семинар тренинг өткізді.

Семинарды «Сырым» деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы ұйымдастырды.

Дінді ұстану мен оған қызмет ету ерікті болғанымен, дәстүрлі дінге, қоғамның тыныштығына нұқсан келтіретін діни ағымдардың таралуына тосқауыл болу – әркімге де міндет. Жоғарыда аталған орталықтың төрағасы Ержан Жұмағожиевтің айтуынша, семинарға дін қызметкерлерінен бөлек, дінтану пәні мұғалімдері мен ауылдық округ әкімдері сондықтан қатыстырылыпты. Қатысушылар үшінТәжиден Батырұлы атындағы Орал қалалық мешітінің найб имамы Әсет Раманқұлов дәстүрлі емес діни ағымның өкілін анықтау және оларды «залалсыздандыру» жұмыстарын жүргізу туралы дәріс оқыды. «Залалсыздандыру» дегеннен шығады, теріс діни ағымды ұстанған адамның «залалсыздануы», яғни дәстүрлі діни жолға түсуі неғайбыл екен. Сол себепті, найб имам түсіндірме жұмысын алдын ала жүргізу маңызды деп отыр. Теолог Наурыз Убаев профилактикалық түсіндірме жұмыстарының жаңа форматтары жөнінде айтты.
Семинар соңында қатысушылардың барлығына сертификаттар табыс етілді.

БауыржанШИРМЕДИНҰЛЫ, 
Сырым ауданы