Кеше Сырым ауданында Қазақстан халқы тілдерінің күні мерекесі мен қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ақын, публицист, педагог және қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай «Тіл – мәңгілік елдің Алтын арқауы» атты жалпыхалықтық тіл фестивалі өтті.

- Тіл – байланыс құралы ғана емес, тіл – біздің тарихымыз, біздің болашағымыз! Ана тіліміз бізге тәуелсіздігіміз төл белгісі болғаны үшін қымбат! – деді шарада сөз сөйлеген Сырым ауданы әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов. 

Тіл фестивалінде қазақ тілінің дамуына сүбелі үлес қосқаны үшін «Сырым елі» қоғамдық – саяси газетінің тілшісі Бауыржан Ширмединұлы мен Ж. Досмұхамедов атындағы мектеп – балабақша кешенінің мұғалімі Алмажай Сүлейменова БҚО тілдерді дамыту басқармасының алғыс хатымен марапатталды. Бұдан бөлек, фестиваль аясында өткен байқаулардың да қорытындысы кеше белгілі болды.

Жаңа латын әліпбиін білу деңгейін анықтау мақсатында тұрғындар арасында өткен «Жаңғыру жазудан басталады» тақырыбында диктант жазудан өткен байқауда Раушан Нуфтиева, Гүлім Жантурина, «Ең үздік жарнамашы» болып «Мерей» мейрамханасының иесі Динара Рақымжанова, «Ең үздік тауар жарнамалаушы» болып «Альбина» дүкенінің иесі Ұлықбек Қалешов танылды. 

Аудан орталығындағы түрлі ұйымдар арасында өткен «Үздік іс жүргізуші мекеме» байқауында Сырым аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімі жеңімпаз атанды. Осы байқауда «Ең үздік іс жүргізуші қызметкері» аталымы бойынша аудандық ішкі саясат бөлімінің іс жүргізушісі Гауһар Құжатова, «Ең үздік құжаттамашы» ретінде аудан әкімі аппаратының бас маманы Серікбол Тәжібаев танылды. 
Дулат Бақыт, Мөлдір Бегімова мен Шаттық Ажигалиева Қадыр өлеңдерін жатқа оқуда озық танылыпты. Олар да кеше марапатқа ие болды.

Фестиваль аудандағы өнер иелерінің концертімен қорытындыланды. Осы күні көрермендерге Жымпиты халық театрының Ахмет Байтұрсынұлының қоғамдық өмірі жөніндегі қойылымы көрсетілді.