Бүгін Сырым ауданының әкімі Т.Төреғалиев ауданымыздағы білім саласының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген білікті мұғалімдерді қабылдап, олармен болашақ ұрпақ тәрбиесі мен білім деңгейі жайында әңгімелесті.

 

Кездесу барысында ұлағатты ұстаздар білім саласында толғандырып жүрген ойларын ортаға салып, алдағы арман-мақсаттарымен бөлісті. Өткен жылдардағы білім беру жүйесі мен технологиясы дамыған бүгінгі күннің жаңа бағдарламалары аясында мұғалімдердің ой-пікірін тыңдаған аудан басшысы ұстаздар қауымының ең басты міндеті білім беруде ғана емес, сонымен бірге адам бойындағы барлық жақсы қасиеттерді де қоса сіңіру екендігін айтып, ұстаздарды мерекелерімен құттықтады.

Әңгіме барысында мұғалімдер аудан басшысының ұстаздар қауымына деген ыстық ықыласы мен құрметіне ризашылықтарын білдірді.

Аудан басшысы Төлеген Серікқалиұлы ұлағатты жандар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлер ескерілетінін айтып, мұғалімдерге мерекелік сый - сыяпат жасады.

МАРХАТ ТҰРЛАНҚЫЗЫ