Қазан айының алғашқы жексенбісімен тұспа-тұс келетін ұстаздар мерекесіне орай аудандық мәдениет үйінде салтанатты шара оздырылды. Алдымен аудан әкімі Төлеген Төреғалиев барша ұстаздар қауымын атаулы мерекелерімен құттықтады. Аудан басшысы өзсөзінде:

 

- Ұлт ұстазы, қазақтың өткен ғасырдағы руханиятының көшбасшысы Ахмет Байтұрсынұлы: "Мектептің жаны - мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі Һәм сондай болмақшы, яғни мұғалім білімді болса, білген білімін басқаға үйрете білетін болса, ол мектептен балалар көбірек білім біліп шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі, мектепке керегі - білімді, педагогика, методикадан хабардар, оқыта білетін мұғалім"- депті. Арада бір ғасыр өтсе де, Алаш арысының бұл сөзі әлі күн тәртібінен түскен жоқ. Отанымыздағы миллиондаған балаға білім үйретіп, тәрбие тағылымын дарытып келе жатқан мыңдаған мұғалім қауымын төл мерекесімен құттықтаймыз! Өзінің ісімен, өзінің сөзімен егемен еліміздің болашағын ойлайтын, тәуелсіздігін қорғайтын білімді ұрпақтың тәлімгері сіздерсіздер! - деді.

Шара барысында Жаңаөңір бастауыш мектебінің директоры Б.Құсайнов Республикалық «Білім шыңы – Ғылым сыры» журналы редакциясының «Қазақ Елінің Үздік Ұстазы» төсбелгісімен, аудан әкімінің Алғыс хатымен Талдыбұлақ орта мектебінің мұғалімі Н.Салимова, Бұлан орта мектебінің директоры М.Байниязова, аудандық білім беру бөлімінің әдіскері М.Баялиев, «Балдырған» балабақшасының әдіскері Г.Ғаниева, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен А.Жұмағалиев орта мектебінің география пәні мұғалімі Г.Шналиева, Қособа орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі М.Есентемірова , облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Г.Шайхиева,балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының үлгілі «Аружан» би үйірмесінің жетекшісі А.Саргузиева, М.Қаналиев атындағы мектебінің математика пәнінің мұғалімі Б.Қанатов, Бұлдырты орта мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Т.Құрашев, Қ.Мырзалиев атындағы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Г.Мағзомова, сонымен қатар 432 жыл еңбек өтілдерімен білім саласының шырағын жағып жүрген Рамазановтар әулеті, сонымен қатар шәкірттері республикалық, облыстық деңгейлерде аудан намысын қорғап жүрген, бірқатар білікті ұстаздар аудандық білім беру бөлімінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Салтанатты шара одан әрі концерттік бағдарламаға ұласты.

МАРХАТ ТҰРЛАНҚЫЗЫ