Күнбатыс Алашорданың 100 жылдығына орай Бұлдырты ауылдық округіндегі игі шаралардың жалғасы ауылдық мәдениет «Күнбатыс Алашорданың идеологиялық маңыздылығы» атты ғылыми – тәжірибелік конференциямен жалғасын тапты.

Аталған конференция отырысына аудан басшысы Т.Төреғалиев, жазушы, әдебиеттанушы, Алаштанушы М.Тәжмұрат, Сырым ауданының құрметті азаматы, өлкетанушы Ж.Ақбай, Сырым ауданының құрметті азаматы, Батыс Қазақстан инженерлі – технологиялық университетінің профессоры Д.Сүлейменова, Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжінің директоры С.Бахишева, Жәңгірхан атындағы тарихи – өлкетану музейінің меңгерушісі Н.Төлепов қатысты. Конференция қатысушылары Алаш қайраткерлері хақында баяндамаларын жасап, аудан басшылығына игі шараны ұйымдастырғаны үшін алғыстарын білдірді. Айта кетерлігі, Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжінің директоры Светлана Меңдіғалиқызы колледж студенттері арасында да Жаһаншаны зерттеуге ықылас танытып отырған студенттер бар екендігін тілге тиек етті. Жазушы, Алаштанушы М.Тәжмұрат аудан басшысы Т.Төреғалиевке, С.Датұлы атындағы тарихи – өлкетану музейінің меңгерушісі А.Ойшыбаеваға , тарихшы, тарих ғылымдарының кандидаты,М.Өтемісов атындағы университеттің тарих кафедрасы меңгерушісінің орынбасары А.Байболсыноваға, Жәңгірхан атындағы Университеттің оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Е.Хайдаровқа «Алашты зерттеуге өз үлесін қосқаны үшін» медалімен марапаттап, сыйлық табыс етті. Конференция соңында тарихшылар, зерттеуші – ғалымдар Алаш қайраткерлерінің өмірі мен еңбек жолдары әлі де зерттеуді қажет ететіндігін және ендігі зерттеу жұмыстары жас жеткіншектердің қолында екендігін атап өтті.