Облыс әкімі – Азаматтық қорғаныс бастығының өкімімен бекітілген басқару органдарын, Азаматтық қорғау күштері мен халықты төтенше жағдайларда әрекет етуге дайындау жөніндегі негізгі іс – шаралар жоспарына сәйкес 10-12 қазан аралығында ауданымызда төтенше жағдайлардың алдын алу және жою аумақтық кіші жүйесінің басқару органдарымен «Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың зардабын жою кезінде құтқару және өзге де кезек күттірмейтін жұмыстарды дайындау мен жүргізу» тақырыбында оқу – жаттығу жұмыстары басталды.

Осыған орай бүгін аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында оқу – жаттығу кешені жөнінде жиналыс өтті. Аталған жиынға аудан әкімі аппаратының төтенше жағдайлар бойынша бас маманы С.Тәжібаев, БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің азаматтық қорғаныс бөлімінің бастығы, полковник М.Хайрекенов, БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің азаматтық қорғаныс бөлімінің аға офицері, аға лейтенант Р.Тумангалеев, төтенше жағдайларды алдын – алу жөніндегі комиссия мүшелері, аудандық азаматық қорғау қызметтерінің басшылары қатысты. БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің азаматтық қорғаныс бөлімінің аға офицері, аға лейтенант Райымбек Ерсайынұлы ауданымызда өтетін кешенді оқу – жаттығулардың нұсқаулықтарын, ұйымдастыру бағыттарын түсіндіріп өтті. Жиын соңында әр бөлім басшылары мен қызметкерлер біліктіліктерін байқау бағытында арнайы тест тапсырды.