Облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов іссапармен Сырым ауданында болды. Сапар басында ол халықтың зиярат ететін орны, ел арасында Дәдем ата аталып кеткен Жұмағазы хазіреттің кесенесіне барып, ұрпағы Ғарифолла Жанбозовпен кездесті. 

 

Халық жиі келетін бұл жер облыстың қасиетті орындарының қатарына кіреді. Облыс әкімінің орынбасары қасиетті орынды рухани, тәрбиелік, туристік, әрі халық арасында туындаған дау-жанжалды бітістіретін медиациялық орталыққа айналдыру жөнінде тапсырма берді. 

Одан кейін Ғ.Оспанқұлов күрделі жөндеуден өткізілгеннен кейін әлеуметтік орталыққа айналатын Алашорда көшесіндегі ғимаратпен танысты. Сырым Датұлы атындағы музей, «Рухани жаңғыру» орталығы, коворкинг орталығы, ардагерлер кеңесі орналасатын ғимаратқа қатысты оң көзқарасын білдірді. Қарасу мөлтекауданында жаңадан ашылған спорт алаңымен, Қ.Мырзалиев атындағы орта мектептегі ІТ сыныбымен, компьютерлік сыныппен танысты. Елбасының «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының аса маңыздылығын атап, мектепте интернет желісінің жылдамдығын күшейту жөнінде арнайы тапсырды.

 Ғабидолла Абдоллаұлы аудандық мәдениет үйінде ауылдық округтердің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде атқарған және атқаратын шараларымен, М.Есламғалиев атындағы аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің жұмысымен танысты. 

Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында өткен актив жиынында Сырым ауданы әкімі Төлеген Төреғалиев Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы аясында атқарылатын іс-шараларды атап, ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалы туралы баяндама жасады. Одан кейін Талдыбұлақ орта мектебінің директоры А.Қуанышева, мемлекеттік қызмет саласының ардагері С.Бисенбиев, «Жібек жолы» ШҚ жетекшісі, облыстық мәслихат депутаты Ғ.Нұрмұханов, аудандық орталық аурухананың хирург дәрігері Қ.Бисенғалиев Жолдауды қызу қолдайтындықтарын білдірді. 

Актив жиынын облыс әкімінің орынбасары қорытындылады. Ғабидолла Абдоллаұлы Сырым ауданына келген сапарының мақсаты – Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын жүзеге асыруға қатысты елдің ұсыныс-пікірлерін біліп, ауданда шешілмей тұрған мәселелерді анықтау екенін айтты. «Есептік кездесулерде айтылған халықтың ұсыныс-пікірлеріне Елбасының Жолдауынан жауапты таба аламыз», -деді Ғ.Оспанқұлов. 
Сондай-ақ, денсаулық сақтау саласына баса көңіл бөлу, спорттық инфрақұрылымды, аргоөнеркәсіптік кешенді дамыту, мемлекеттік қызметшілердің жиналысты азайтып, оның орнына халықпен жиі жүздесулері қажеттігі жиында сөз болды. 

Аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында Ғабидолла Оспанқұлов аудандағы әлеуметтік сала басшыларымен кездесті. Жиынға облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Н.Даумов, дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ә.Аманбаева, мәдениет басқармасының басшысы Қ.Мұсағалиев, жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы А.Сакошев, білім басқармасы басшысының орынбасары З.Ғұмарова қатысты. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Д.Тайшиев, аудандық білім беру бөлімінің басшысы З.Ерғазиева, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы С.Нұрпейісов өз салалары бойынша жұмыстарын ортаға салды. Ғ.Оспанқұлов интернет жылдамдығы нашар болуына байланысты Сырым аудандық телекоммунация торабының басшысы А.Жұмаға қараша айына дейін олқылықтың орнын толтырып, жылдамдықты күшейтуді тапсырды. 

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА