Бүгін Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбеков Шолақаңқаты ауылдық округінің аумағындағы Аңқаты су қоймасының жөнделу жұмыстарымен танысты. Қойманың жөндеу жұмыстарын мердігер "ПМК - 117" ЖШС жүргізіп жатыр.

Су қоймасын жөндеу - жергілікті тұрғындардың әуелден бері көтеріп келе жатқан мәселесі. Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов те өзінің Сырым ауданындағы жұмыс сапарлары барысында Аңқаты су қоймасының басында болып, жөндеу жұмыстарының басталуына тікелей ықпал жасады.

Шолақаңқаты өзеніндегі су жіберу құрылғысын қайта жаңарту өңірдегі кәсіпкерлік саласы үшін жаңа бағыттарға жол ашады деп күтілуде. Жергілікті шаруалар қазіргі күннің өзінде асыл тұқымды мал шаруашылығымен белсенді түрде айналысып жатыр. Кейбір азаматтар балық шаруашылығы төңірегіндегі жоспарларын да алға тартып отыр.

Аудан басшысы Абат Шыныбековтың айтуынша, су қоймасы арқылы округ маңындағы 890 гектар суармалы жерді қалпына келтіруге мүмкіндік бар. Бұл шаруа Тоғанас, Аңқаты ауылдары үшін техникалық судың да мәселесін шешеді.