Бүгін діни экстремизм мен террозимге қарсы ақпараттық түсіндіру тобы Бұлдырты ауылдық округінде болып, ауыл тұрғындарымен кездесті. Топ құрамында: топ жетекшісі аудандық мәслихат хатшысы Ш.Дүйсенғалиева, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Д.Тайшиев, аудандық мешіттің бас имамы Ә.Ералиев, "Сырым" деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы, теолог маман Е.Жұмағожиев, аудандық аурухананың дәрігері А.Серікбаева бар.

Алдымен сөз алған ішкі саясат бөлімінің басшысы Досжан Ересұлы діни түсіндіру тобының мақсатын айтып өтсе, аудандық мешіттің бас имамы Әлішер Қайратұлы қазіргі таңдағы діни ахуалдың тұрақты болуы үшін алдымен бірлік керек екендігін атап өтті. Сонымен қатар асыл дініміз Исламның тазалығын тілге тиек етті. Теолог маман Ержан Ергенұлы да қатысушы ата - аналарға балаларының теріс ағымдарға түсіп кетпеуі үшін, алдымен отбасындағы тәрбие, уақытылы қадағалап отырудан басталатындығын жеткізді. Аурухана дәрігері Аида Елібайқызы күн тәртібінен түспей келе жатырған екпе алу мәселесін атап өтті. Дәрігердің сөзіне сүйенсек, уақытылы екпе салдырмау, балаларды мүгедек қылуға дейін апарып соғады екен. Сондықтан да екпе мәселесіне салғырт қарамауды ұсынды. 
Жиналысты қорытындылағантоп жетекшісі, аудандық мәслихат хатшысы Шынар Сайлауқызы ақпараттық топ жұмысы алдағы уақыттарда ауылдық округтерде жалғасын табатындығын жеткізді.

МАРХАТ ГУМАРОВА