20.10.2018

Берік АРЫН:
«Бақуатты, бақытты ғұмыр кешу – тек тыныштықта ғана мүмкін.»

 Кеше Сырым ауданына жұмыс сапарымен ҚР қоғамдық даму вице – министрі Берік Арын келді. Вице министр мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл – ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жолдауын талқылау мақсатында Сырым ауданындағы аудандық мәслихат депутаттарымен, қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен кездесті. Кездесуге Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев төрағалық етті.

Берік Арын өзінің сөзінде, Елбасының биылғы жолдауы жаңалықтарға толы болғанын, оның ішінде жалпыхалықтық ұсыныстарға жауап беретінін айтты. Мәселен, Елбасы Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есеге, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіруді тапсырды. Бұл барлық сала бойынша түрлі меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1 миллион 300 мың адамның еңбекақысын тікелей қамтиды. Еңбекақының өсуі арқылы біріншіден халықтың еңбекке деген ынтасы артады дейтін болсақ, екіншіден табысы артқан сайын тұрғындардың тұрмыс сапасы да жақсара түспек. Жолдаудан мемлекет осындай нәтиже күтеді.

Енді мамандар нақты өзінің ісімен шұғылдана бастайды. Яғни, бұрынғыдай қағазбастылық жойылып, дәрігер адам емдеумен, ұстаз білім берумен алаңсыз айналыспақ. Полицияның өзі күзетпен не болмаса қылмыскерді жазалаумен емес, бірінші кезекте адамдардың құқығын қорғаумен айналысады. Дәрігерлер дегеннен шығады, жаңа жолдауда 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлық нұсқада жүргізуге көшуге тиіс екендігі айтылды. Аудандық мәслихаттың депутаты, тәжірибелі дәрігер Асхат Дүйсенғалиевтің айтуынша, Сырым аудандық орталық ауруханасы бұл үдерісті ендігі ауданның басында жүзеге асыра бастапты. Медициналық қызметті цифрландыру тек ауылдық округтерде мүмкін болмай отыр. Мүмкін болуы үшін ауылдағы медициналық мекемелердің материалдық базасын жаңарту керек. Депутат осы ұсынысты айтты.
Осы сияқты вице министр аудандық қоғамдық кеңестің өкілдерімен кеңестің жұмысын нәтижелі жүргізу, қоғамдық бастамаларды мемлекеттік қызметтің ықпалынан босату жөнінде пікірлесті. Аудандағы теолог Әсел Әбдубәли педагог мәртебесі туралы заңның ішінде педагогтардың діни еркіндігін сақтау туралы мәселесі енгізілсе деген ұсыныс білдірді.
- Қазақстанда өмір сүруге жайлы орта қалыптасып келеді. Халықтың әл – ауқатының артуы – жақсылықтың белгісі. Бірақ, біз бір нәрсені жақсы түсінуіміз керек, әл – ауқатты жақсарту, бақуатты, бақытты өмір сүру – тек тыныштықта ғана мүмкін. Азаматтық қоғам – ол, нәзік сала. Біздің елдегі азаматтық қоғам тыныштықты нығайтуға қызмет етсін! – деді ҚР қоғамдық даму вице – министрі Берік Арын.
Вице – министр кездесуден кейін Сырым ауданының орталығындағы тарихи – өлкетану музейі мен Алаш мұражайымен танысты.

БауыржанШИРМЕДИНҰЛЫ,
Сырым ауданы