Жымпитылықтар бір күнде 200 мыңның үстінде қаражат жинап берді.

 Сырым ауданының орталығы Жымпитыда қайырымдылық айлығы аясында Жаһангер Тілекқалидың еміне қаражат жинай мақсатында «Мейірім шуағы» атты аудан көркемөнерпаздарының қайырымдылық концерті өтті.

Жаһангер Тілекқалиға дәрігерлер балалар церебралды сал ауруы, Орташа ауырлықтағы тетрапез, сол жақ аяқ – қолының зақымдануы мен торлы қабаттың ангиопатиясы деген диагноз қойған. Жаһангер алғашқы қадамды 7 жасында ғана жасады, бірақ әлі жәрдемсіз жүріп кете қойған жоқ. Жаһангердің арманы – мектеп өз аяғымен барып – келу.
Қайырымдылық кешінде Серік Сарғозиев, Тілек Құсайынов, Алмагүл Жұма, Мерген Мұқанов, Армат Алдамжаров, Әсел Бисенғалиева, Еркегүл Өтенғалиева, Айгүл Сисенова, Раушан Атауова, Бекей Қанатов, Нұрлыбек Байнияз, Гүлдерайым Опағалиева, Асылай Әбуғалиева, Сәлімжан Әубәкіров, Армат және Алмаз Жұмагелдиевтер, Айгерім Әнесова сияқты ауданға белгілі өнер иелері, Төлес Төлеген, Альмира Садықова, Диас Зейнетденов сияқты жас өнерпаздар, «Айкөркем» би тобы, Жымпиты халық театры өнер көрсетті.
Шараның соңында аудандық демалыс орталығы директорының орынбасары Дархан Жанқылышев концерттен жалпы көлемі 147 мың теңге қаражат түскендігін хабарлады. Жаһангерді қолдау мақсатында Ж. Досмұхамедов атындағы жалпы білім беретін мектеп – балабақша кешенінің оқушылары «Мектептегі кәсіпкер!» жобасы аясында қайырымдылық жәрмеңкесін ұйымдастырып, сатылған тауарлардан түскен 22 мың теңге қаржыны негізгі қаражатқа қосты. Барлық қаражат ел алдында Жаһангердің жанұясына ұсынылды. Бұдан бөлек, «Сырым жауһарлары» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Мәншүк Бахитова науқас сәбидің еміне 50 мың теңге көлемінде демеушілік жасауға уәде берді. Осылайша, жымпитылықтар бір күнде қайырымдылық ниетімен 200 мыңның үстінде қаражат жинап берді.
Тілекқали Жаһангерді ата – анасы алдағы уақытта Ресей Федерациясының Санкт – Петербург қаласына емдетуге алып бармақ. Біз Жаһангердің Санкт – Петербургқа емес, мектепке баруына тілекшіміз!

БауыржанШИРМЕДИНҰЛЫ,
Сырым ауданы