Кешегі бейсенбіде Сырым ауданы әкімдігінің ашық есік күні Жетікөл ауылдық округіндегі Жетікөл және Қосарал елді мекендерінде өтті. Тұрғындармен болған кездесулерге Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев қатысты.

Кездесулердің барысында тұрғындар жұмысқа орналасу, кәсіптік оқу, ауылшаруашылығын қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалардың тиімділіктері туралы жиі сұрауда. Жұрт жете түсіне алмай жүрген мәселелердің ішінде ветеринариялық қызметтерге қатысты сұрақтар да бар. Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев бұл жағдай халық арасында мемлекеттік бағдарламалардың дұрыс түсіндірілмеуінен болып отыр деді.

Расымен де, мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру жұмыстары ауданда біркелкі емес сияқты. Әйтпесе, ауыл тұрғындарының нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2020 жылдарға арналған бағдарламасының тиімділігін түсінетін емес, ендігі еркін пайдаланып отыратын уақыты болды. Пайдаланып жатқандар бар, ал ол бағдарлама туралы білмейтіндер баршылық. Ауылшаруашылық өндірістік кооперативтерін құру мәселесі де солай. Бір елді мекендер құрып, үлкен мөлшердегі жұмыстарды айналымға салып үлгерсе, кейбір ауылдар кооперативті қалай құруға болатынын енді – енді сұрап жатыр. Аудан әкімі сала басшыларына түсіндіру жұмыстарын жандандыруды әрі жан – жақты жүргізуді тапсырды.
Жетікөл ауылдық округіне қарасты Жетікөл елді мекені көгілдір отын қосылғалы кәдімгідей оңалып қалды. Ауылдағы бастауыш мектеп пен медициналық пункт күрделі жөндеуден өтті. Ауыл үйлері әлеуметтік нысандардың ар жағында жаңаруда. Жетікөл ауылының тұрғыны Еркін Бисенғалиевтің айтуынша, ауылда құрылысы өзгерген үйлер саны көп екен. Ал, олардың құжаттарын өзгерту үшін барлық үйдің иелері ауданға баруы керек.
- Бүкіл үй ауданға сабылтпай, аудандағы жауапты мамандар ауылға келе ала ма? – деген ұсыныс айтты Еркін Бисенғалиев. Ұсыныстың нақты жауабы кейін берілетін болды.
Округтің орталығында болған жиналыста тұрғындар ауыз су мәселесін көтерді. Қазіргі күні Жетікөл ауылдық округіне ауыз су Жымпитыдан тасымалдануда. Ауыз мәселесін шешу үшін, аудан билігі келесі жылы округ орталығынан 6 шақырым жердегі Боқай нүктесінен ауыз су желісін тартуды жоспарлап отыр. Жұмыстар жергілікті бюджет арқылы басталады. Аудан басшысының айтуынша, Құрылыстың жобалық сметалық құжаттары дайын. Сараптама жаңа су нүктесі тәулігіне 50 тонна су өндіруге қауқарлы деген анықтама беріпті.
Жетікөлдіктер Жетікөл ауылының шетіндегі бөгетті жөндеуді сұрайды. Бөгеттің бүлінгені себепті, көктемгі қар суы ысырап болуда. Егер бөгет жөнделсе, 6500 га шабындық алқап суарылар еді.
Сырым ауданының әкімі Жетікөл ауылдық округіндегі сапары барысында ауылдағы балабақшаның жұмысымен танысты.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
Сырым ауданы