Кешегі аптаның соңында Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев Жымпиты ауылдық округіне қарасты Саралжын елді мекенінің тұрғындарымен кездесті. Саралжындықтар кездесуде елді мекенге ауыз су тарту, мал санағын нақтылау, бұралқы иттерді жою сияқты мәселелерді көтерді.

Осы күні ауданның орталығындағы тұрғындар үшін де Сырым ауданы әкімдігінің ашық есік шарасы өтті. Бұл жерде Әйтеке би көшесіндегі жарықтың жиі сөнуі, С. Сейфуллин көшесіне қосымша жол белгілерін қою, орталықтағы көшелермен ауыр жүк көлігін жүргізбеу сияқты мәселелер айтылды. Округ әкімі Арман Баяндықов тұрғындардан қоқыс төгуге арналған контейнерлерді сауатты пайдалануды сұрады.

Тұрмыс ахуалы артқан сайын Жымпитыда сантехниктердің кәсібіне сұраныс артып келеді екен. Кешегі жиналыста аудан орталығының тұрғындары кәріз жүйесін жүргізетін, ақау анықталған жағдайда жөндей алатын шебер сантехниктер болса, Жымпитының басынан жұмыс табылады деп отыр.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
Сырым ауданы