Сырым ауданы әкімдігінің елді мекендердегі ашық есік күндері жалғасуда. Қособа ауылдық округі, Жырақұдық және Қособа ауылдарының тұрғындарына арналған кездесуге Сырым ауданы әкімінің орынбасары Ерболат Ахметов қатысты.

Жырақұдықта болған кездесуде жергілікті тұрғындар ауылды абаттандыру, оның ішінде ауыл көшелерін жарықтандыру, тұрғын үйлерді жаңартуға байланысты бірқатар ұсыныстар айтты. Әрине, әрбір тұрғын өзінің үй – жайын күтіп ұстап, мүмкіндігінше сәндесе ауылдың келбетіне аз ажар қоспайды. Жырақұдықтықтар болса, ауылға мемлекеттік бағдарламамен жаңа үйлердің салынуын сұрап отыр.

Жаңа дегеннен шығады, биыл Қособа ауылдық округінің орталығында 200 адамға арналған ауыл клубының құрылысы аяқталды. Жаңа мәдениет нысаны жылдың аяғында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Округтегі сапарында аудан әкімінің орынбасары Ерболат Ахметов клуб құрылысының қорытынды жұмыстарымен танысты.

Орталықтың басындағы кездесуде тұрғындар жедел жәрдем қызметіне жаңа көлік керектігін айтты. Өзінің сөзінде, Қособа ауылдық округінің әкімі Жұмабай Сатаев ауылдағы денсаулық сақтау саласының расымен де жаңа көлікке зәру екенін растады

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
Сырым ауданы