Сырым аудандық мәдениет үйінде Жайықтың жазушы қызы атанған Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасының иегері, халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты Мира Хамзақызы Шүйіншәлиеваның шығармашылығына арналған "Сөз қасиетін қастерлеген қаламгер" автормен кездесу кеші өтті.

Шараға «Кітапхана ісінің үздігі», кітапхана саласының ардагері Роза Исатаева, Қазақстан Республикасының «Мәдениет саласының үздігі», актриса, Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының әртісі Нұргүл Жұбатова қатысты.

Аудандық мәдениет үйінің фойесінде аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі «Өмір сырына үңілген жазушы» атты көрме ұйымдастырып, жазушының өмірбаяны, шығармалары, марапаттары, фотосуреттері қамтылды. Көрмеге библиограф Э.Әлденова шолу жасады. 
Шара басталар алды «Жазушы қызы Жайықтың» атты Мира Шүйіншәлиева туралы бейнефильм көрсетіліп, сырымдықтар қазаны мен қаламын қатар ұстаған қаламгер қыздың өмірімен жақынырақ танысты. Кешті мәдениет қызметкері Марат Халиуллин жүргізіп отырды. Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының актрисасы, ҚР Мәдениет саласының үздігі Нұргүл Жұбатова жазушының алғашқы кітабы «Махаббат бағына» енген шоқтығы биік туындысы, бір отбасының ащы тағдырын көз алдыңа әкелетін «Қауырсын гүл» әңгімесін актерлік шеберлікпен орындап берді. 

Ақын Есен Баймұхамбетов, «Сырым елі» газетінің директор-редакторы, Сырым ауданының құрметті азаматы Махмет Қажиахметов сахнаға шығып, бірі өлең оқып, бірі әдемі естеліктермен бөлісті. Жайықтың жазушы қызының жауһарларын сүйіп оқитын оқырманы, «Жымпиты» ЖШС төрағасы Мүтәлі Төреғали М.Шүйіншәлиева редакторлық етіп отырған «Жайық үні» газетіне Аралтөбе ауылынан 30 газет жаздыратынын айтты. 

М.Шүйіншәлиеваның қызы Айнұрға арналған сөзіне жазылған, Ғ.Хибашевтың әні «Айнұрым» әнін аудандық мәдениет үйінің әншісі Алмагүл Жұма домбырамен орындады. Мираның «Туған жер» өлеңіне жазылған Қ.Қисметовтың әнін Бекей Қанатов пен Айгүл Сисенова шырқады. 
Жалпы білім беретін Қ, Мырзалиев және Ж.Досмұхамедов атындағы орта мектеп оқушылары Мираға арнап жазған Мұнайдар Балмолданың «Бір тілек» және Эльмира Рахмешованың «Арнау» өлеңдерін, әңгімелерінен үзінді оқыды. 
Мира Хамзақызының драма жанрында жазылған шығармасы «Ар азабын» Жымпиты халқы театры сахналап, көрерменнің көзіне жас үйірді. Қойылымда Ақкүміс Мұрадымова, Қайрат Илашев, Алмагүл Жұма, Гүлдерайым Опағалиева, Сәндібек Өтеғалиев, Жоламан Еркін рөлдерін тамаша сомдай білді. «Ар азабы» драмасы махаббаттың құрбаны болған білімді жігітке арналған екен, оның сезімі сыныптасы аяқасты етіпті. Шығарма тоқсаныншы жылдары болған оқиға желісімен жазылыпты. 
Залға жиылған Мираның оқырмандары жазушыға көкейдегі сауалдарын қойып, лебіздерін білдіріп, сый-сияпаттарын ұсынып, ашық әңгіме өрбіді. Ж.Досмұхамедов атындағы орта мектеп-балабақша кешенінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Алмажай Сүлейменова жазушыға өлең арнап, М.Қаналиев атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Арайлым Жүкеева қонақ кәде сұрады.

Мира Шүйіншәлиева әдебиетке алғаш өлеңмен, ақындық жолмен келгенін айтты. Оның сезімге, балаң махаббатқа толы «Ақ жаңбыр» атты тырнақалды өлеңі Орда аудандық «Орда жұлдызы» газетінде басылыпты. Сөйтіп, өлеңге жан-дүниесімен беріліп, ақын қыз атанады. Кейін есейе келе, өзін-өзі жетілдіріп, прозаға ауысты. Мира Хамзақызы прозаларын атүсті жаза салмай, айлап, жылдап, шығармасын көкейінде әбден пісіріп барып, қағаз бетіне түсіреді. Ақынның прозаға ауысуға өмірден көрген қиындықтары әсер етті ме, кім білсін? Он алты жасында анасынан, жиырма бесінде әкесінен, отыз бірінде құдай қосқан жарынан айырылуы Мираны бірнеше жасқа есейтіп, мойымай, алға ұмтылуға үйретті. 1975 жылы үш ағайынды оқушы баланың боранда үсіп, қардың астында қалып, жан тәсілім еткені жазушының «Үш төмпешік» әңгімесінде көрініс табады. 

Сырым ауданы әкімі Төлеген Төреғалиев елге келген Мира Шүйіншәлиеваға жылы лебізін білдіріп, Мира Хамзақызы республикадағы саусақпен санарлық қаламгер қыздардың бірі де бірегейі болса, облыста жарқ еткен жарық жұлдыз екенін атап, әңгімелеріне арқау болған түрлі тағдырларды боямасыз шынайы күйінде бейнелеп, көз алдымызға әкелетін жазушы екенін айтты. Өмірдің өрнектерін қағазға түсірген жазушының иығына оюдан өрнектері бар қамзол кигізіп, ақ орамал жапты. 
Одан кейін Мира Шүйіншәлиева сахнада лирика тұнған өлеңдерін оқыды. Өлеңдерінің ішінде Сырым аудандық мәслихатының хатшысы Шынар Дүйсенғалиеваға, өмірден ерте өткен жан жары Нұрланға, жарынан қалған жалғыз тұяқ, қызы Айнұрға арнаған өлеңдерін оқыды. Жастарды тілді, ұлтты сүюге, әке тәрбиесін аяқасты етпеуге шақырды, сырымдықтардың қошеметіне разы болып, Қадыр ақынның еліне иіліп, алғысын білдірді.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА