Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында «Жаңа емле ережесіндегі дәстүр мен жаңашылдық» тақырыбында әртүрлі әлеуметтік топ өкілдерінің арасында ақпараттық-насихаттау тобының жиыны өтті. 

Ақпараттық-насихаттық топ құрамында Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының терминология бөлімінің кіші ғылыми қызметкері Салауат Кәрімов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Аман Абасилов, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Нұрбол Сәдуақас, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының терминология бөлімінің кіші ғылыми қызметкері Бақытгүл Ысқақова, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы филиалы директорының орынбасары Болат Жексенғалиев, БҚО тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Света Ғаниева бар. Жиынға Сырым ауданы әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов, ауылдық округ әкімдері, спорт ардагерлері, мектеп директорлары, пән мұғалімдері, жаттықтырушылар мен әдіскерлер қатысты. 

Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының терминология бөлімінің кіші ғылыми қызметкері Бақытгүл Ысқақова жаңа емледе кездесетін дыбыстардың оқылуы, жазылуы туралы кеңінен мағлұмат берді. Мысалы, орыс тілінен енген матч, скотч деген сөздер латыншада т дыбысы түсіп қалып жазылады: skoch, mach. Жіңішкелік белгісі сөздерде жазылмайды. Ансамбль, пароль, мультфильм сөздерінде жіңішке дауысты дыбыстар қолданылады. Ansámbl (ансәмбл), paról (парөл), múltfılm (мүлтфилм) деп жазылады. Капсула, координата, граната сияқты сөздердегі соңғы а дыбысы латын әліпбиінде жазылмайды. Kapsýl, koordınat, granat деп жазатын боламыз. Ал айыру белгісі мүлде жазылмайды, дыбысталмайды. Орыс тілінен енген э-е, ц-s, дж-j болып жазылады. Еlement, epopeıa, konsert, sırk, menejer, jınsy деп жазамыз. Класс, холл, троллейбус, аттестат, Эверест, повесть – klas, hol, troleıbýs, atestat, Everes, poves болып жазылады. Банкинг, брифинг сөздеріндегі «нг» қосарланған дауыссыз дыбыс «ң» деп дыбысталып, жазылады. Алюминий, критерий деген сөздер аlúmını, krıterı деп жазылады латын әліпбиімен. Дыбыстардың бұлай латын әліпибінде өзгеріске ұшырау себебі, таза қазақ тіліндегі түбір сөздерде дауысты дыбыстар да, дауыссыз дыбыстар да қосарланып келмейді. Ана тіліміздегі сөздерде дауысты дыбыс пен дауыссыз дыбыс кезектесіп келеді.  «14 қарашада жалпықазақстандық 50 сөзден тұратын диктант жазылады, ондағы мақсат халықтың латын әліпбиіне қаншалықты дайын екенін, бейім екенін, қызығушылық деңгейін, қай жастағылар жазуға қиналатынын анықтау»,- деді Бақытгүл Жеткергенқызы. 

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Нұрбол Сәдуақас күнделікті тірлікте қолданып жүрген орыс тілінен енген сөздерден арылып, оларды таза қазақ тіліне бейімдеп жазуға жаңа емледе бас назар аударылғанын айтты. Латын әліпбиі біздің ұлттық әліпбиіміз болуға тиіс, деді. Мысалы, бір адамның есімі Орал болса, оны орысша «Урал» немесе «Арал» дейді, Анара, Жанара, Айнура деген орысшаға бұрылып кеткен есімдерден біржола арылу үшін латын әліпбиі қажет. Нұрбол Абдуллаұлының айтуынша, шет тілінен енген, араб тілінен енген химия, Хафиз деген сөздердегі х дыбысы қазақшаланып жазылады. Қазақтың рақмет, қош, дастарқан дегендегі «қ» дыбысы рахмет, хош, дастархан болып орысшаға жақындап айтылып, жазылып жүр. Қазақ тіліне ғана тән сөздерді, дыбыстарды қайтадан қолданысқа енгізу үшін де, латын әліпбиі қажет. 

ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы филиалы директорының орынбасары Болат Жексенғалиев: «Грузин халқының орысша сөйлеудегі өзіндік акценті бар, олар оны кемшілік деп санамайды. Мысалы, республика деген сөзді ағылшындар репаблик, немісше республич деп айтады. Бірнеше тілге ортақ сөздерді әр ұлт өз тіліне бейімдетіп айтады», - деді. Латын әліпбиінде реферат, параграф, граф, вирус, автор, резерв, детектив, чемпион, каучук, Леонардо да Винчи, бизнесмен, скриншот, тағы басқа сөздердің орыс емлесі бойынша жазылымы сақталып қала береді: referat, paragraf, graf, vırýs, avtor, rezerv, detektıv, chempıon, kaýchýk, Leonardo da Vınchı, bıznesmen, skrınshot. Философия, виолончель, гвардия, сэндвич сөздері орыс тіліндегі емлесі жартылай сақталып жазылады: fılosofıa, vıolonchel, gvardıa, sendvıch. Гастрөл (гастроль), вәлс (вальс), кәрол (король), әлфа (альфа), бәлзам (бальзам), офтәлмолог (офтальмолог), абсалүт (абсолют), бүлдозер (бульдозер), әлбом (альбом), пәлма (пальма) сөздері жартылай қазақы қалыпқа келген сөздер, олар gastról, váls, károl, álfa, bálzam, oftálmolog, absalút, búldozer, álbom, pálma болып жазылады. Қазақ тілінің заңымен игеріліп жазылатын сөздер: тауар-taýar, кәбіл-kábil, кәстөм-kástóm, пәлте-pálte, пойыз- poıyz, сиез-sıez. «Латын тіліне көшуге бел буған екенбіз, бар күшімізді салуымыз керек», -деді Болат Өтеғалиұлы. 

Жиында ардагер ұстаз Гүлбақша Ерғалиева асхана сөзінің латын әліпбиімен жазылуы мен оқылуы жөнінде, Аралтөбе орта мектебінің директоры Бекет Қабасов үш тілділік оқыту жайында сауалдар қойып, оған ақпараттық-насихат тобымен келген тіл мамандары жауап берді. Жиынды аудан әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұловқорытындылады. 

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА