Сырым аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы, "Сырым жастары", "Сырым жауһарлары" қоғамдық бірлестіктерінің ұйымдастыруымен Тұңғыш Президент күні қарсаңында Жымпитыда "Жыл үздігі-2018" жастар премиясын табыстау салтанаты оздырылды.

Аудан көлеміндегі мемлекеттік жастар саясатының дамуына үлес қосқан, елдегі саяси қызметтер мен қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан, мамандығының кәсіби шебері болып жүрген жастарды марапаттауға арналған салтанатты кешке Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев қатысты.

Аудан басшысы өзінің сөзінде, Елбасы Н. Назарбаев өзінің тапсырмалары мен идеяларын жүзеге асыруда жастарды сенімді серіктес санайтынын айтты әрі жарияланған «Жастар жылы» сырымдық жастардың жаңалық жасайтын жылы болады деген тілектестігін білдірді.

Жаңалық дегеннен шығады, Сырым ауданы бойынша "Жыл жаңалығы" аталымын биыл Нұрымжан Ғаббасов иеленді. Самбо күресінен Қазақстан Республикасының чемпионы,Самбо күресінен Азия чемпионатының қола жүлдегері,күні кеше күрестің осы түрінен Татарстан Президентінің кубогының күміс жүлдегері, Сырым ауданының абсолютті түйе палуаны Нұрымжанға марапатты аудан әкімі табыстады.

«Жыл үздігі - 2018» Сырым ауданы жастары премиясының жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы комиссияның шешімімен анықталды. "Үздік жас мемлекеттік қызметкер" аталымы бойынша Сырым ауданы әкімі аппаратының бас маманы Серікбол Тәжібаев жеңімпаз, аудандық аумақтық инспекциясының мемлекеттік инспекторы Ғаббасов Темірлан дипломант атанды. "Үздік жас ұстаз" аталымы бойынша жеңімпаз болып Тасқұдық негізгі мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Сатым Қажгереев,ал Ләйлі Мақсотова мен Мейірбек Жампозов дипломант болды. "Үздік жас денсаулық сақтау қызметкері" бойынша жеңімпаз болып өзі фельдшер - лаборант, өзі актер Ақылбек Бекболатов, "Үздік жас өнерпаз" аталымы бойынша жеңімпаз болып Дінмұхаммед Құмарғали,  Гүлдерайым Упағалиева мен Садықова Альмира - дипломант болып танылды. Осы аталым бойынша Жымпиты халық театрының актері Есбол Ниеткалиев алғыс хатқа ие болды. "Үздік мектеп көшбасшысы" бойынша Дильназ Сүлейменова,Иосифова Аружан - дипломант,"Үздік жас спортшы" аталымы бойынша облыстық «Ақжайық» футбол құрамасының белсенді ойыншысы Руслан Балмұратов – жеңімпаз, Айназер Тыныбекова,"Үздік жас ана" аталымы бойынша Жырақұдық ауылдық кітапханасының кітапханашысы Мөлдір Бегімова - жеңімпаз, "Үздік жас кәсіпкер" аталымы бойынша Даржан Аман,Жалмұқамбет Әділет марапатталды.

Ж.Досмұхамедов атындағы мектептің "Мектептегі кәсіпкер" әлеуметтік жобасы "Жомарт жүрек" аталымы бойынша үздік деп танылды. Бұл әлеуметтік жоба әр түрлі қайырымдылық шараларын ұйымдастырып,оқушыларды білім алумен қатар кәсіпке баулу,оқушыларды мейірімділікке тәрбиелеуді мақсат тұтқан.

Сонымен қатар шараға тәтті дәмділерімен демеушілік көрсеткен,жеке кәсіпкер Ботагөз Жалғасқызын аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы басшысы Нұртілеу Жеңісұлы арнайы алғыс хатпен марапаттады.

Кеш барысында аудандық мәдениет үйінің әншілері Н.Байниязов,С.Аубакиров,Г.Упагалиева, аудандық саз мектебінің фортепиано сыныбының оқушысы А.Садықова, үлгілі "Аружан" би ансамбльдері өнер көрсетті.