Сырым ауданындық қорғаныс істері жөніндегі бөлім әскерге жастарды жіберу туралы тапсырманы 109 пайызға орындады. Бүгінде ауданымыздан аттанған ұлдар әскерде абыройлы қызмет етуде. Олардың есімдерін аудан халқы мақтанышпен атайды.

19 қазанда әскерге аттанған Жосалы ауылының тумасы Балуаш Сәбит Айдарұлы және 20 сәуірде аттанған қособалық Мэлс Нұрлыхан Русланұлының Отан алдындағы борышын адал атқарып, командирлер мен бастықтардың бұйрықтарын дәл уақытында орындап, әскери тәртіпті, сыпайылықты сақтап, өзі сияқты сарбаздарға үлгі болып, спортшы, көркемөнерпаз ретінде белсенділігімен көзге түскені туралы әскери бөлімдердің басшылығынан Батыс Қазақстан облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы, подполковник А.Қаленовтың атына хаттар келуде. Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы Абат Дюсембиев Сәбиттің ата-анасы Айдар Балуашұлы мен Жанар Жаубайқызына және Нұрлыханның ата-анасы Руслан Мэлсұлы мен Алмагүл Маратқызына алғыс хат жөнелтті. 

Сырым ауданынан іріктеу комиссиясынан өтіп, келісімшартпен әскери қызметке аттанған жігіттер де бар. Олар – өлеңтілік Мейрамбек Резуанов пен Азамат Даржанов. 

Бүгінде Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасының Қорғаныс Министрлігінің Құрлық әскерлерінің әскери институтында Алғабас ауылынан Тілеген Тыныштыбай білім алып жатса, Қазақстан Республикасының Қорғаныс Министрлігінің Ш.Уәлиханов атындағы кадет корпусына қособалық Мұхтархан Сайлау оқуға түсті. 

Әскери борышын өтеп елге оралған ерлер – Арсен Мұхамбетқалиев, Темірлан Мырзахмет те ауданның мақтанышы. Арсен Орал жол-көлік колледжін автогрейдерші мамандығы бойынша бітіріп, 2017 жылдың 10 қазанында әскерге аттанған болатын. Әскерде атқыштар қатарында қызмет етті. Ал, Темірлан Батыс Қазақстан медициналық колледжін гигиена-эпидемиология мамандығы бойынша бітіріп, өткен жылдың 20 қазанында аттанды. Мемлекеттік күзет қызметінде атқыштар сапында әскери борышын өтеп қайтты. 

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА