Жең ұшынан жалғасқан жемқорлық деген жегі құрттың жолын кесу мәселесі «Нұр Отан» партиясының Сырым аудандық филиалы, Сырым ауданының прокуратурасы, Сырым ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасымен бірлесіп өткізілген «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірыңғай ақпараттық сағат» тақырыбындағы дөңгелек үстелде талқыланды.

Дөңгелек үстелге «Нұр Отан» партиясының Сырым аудандық филиалының төрағасының бірінші орынбасары Талғат Дарғожиев, Сырым ауданының аға прокуроры Руслан Қырықбаев, Сырым аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Досжан Тайшиев, Сырым ауданының полиция бөлімінің бастығының қызмет жөніндегі орынбасары Жанболат Мурзашев және басқа да бөлім басшылары, кәсіпкерлер қатысты.

Жиынға төрағалық еткен Сырым ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Арман Гумаров сыбайлас жемқорлық түрлеріне қызмет өкілеттігін теріс пайдалану, билікті не қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану, пара алу, пара беру, парақорлыққа делдал болу, қызметтік жалғандық жасау, көрінеу жалған сөз жеткізу, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету, көрінеу жалған жауап беру, сарапшының жалған қорытыңдысы немесе қате аудару, жалған жауап беруге немесе жауап беруден жалтаруға, жалған қорытынды беруге не қате аударуға сатып алу, лауазымды адамдардың сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін орындамау жататынын атап өтті.

Күн тәртібіне қойылған мәселе бойынша аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Досжан Тайшиев баяндама жасап, ауданда сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі шаралар атқарылып жатқанын атады. Аудандық полиция бөлімі бастығының қызмет жөніндегі орынбасары Жанболат Мурзашев, Сырым ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Жанна Қыдырсихова сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға қатысты өз салаларында жасалып жатқан жұмыстарды айтып, қоғамдағы салмағы батпандай мәселемен күресуді парыздары санайтынын жеткізді.

«Нұр Отан» партиясының Сырым аудандық филиалының төрағасының бірінші орынбасары Талғат Дарғожиев, аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Муса Шалабаев, Сырым ауданының аға прокуроры Руслан Қырықбаев 9 желтоқсан – Дүниежүзілік сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні екенін, әйтсе де, індетпен күресу бір күнмен шектелмейтіндігін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, жемқорлыққа төзбеушілік құндылықтарын нығайту қажет екенін тілге тиек етті.